
Қазақстанда әскери билеті бар запастағы офицерлерді де комиссариатқа шақырта бастады. Жиынға қатыспаған әскери міндеттілерге әкімшілік жаза қарастырылғаны ескертілді.
2025 жылғы шілденің аяғында мемлекет қызметтері үшін бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөмірі арқылы азаматтарға хабарлама таратылды. Онда «әскери жиындарға шақыру» туралы айтылды.
Осындай шақырту алған азаматтар 4 тамызда таңғы сағат 9.00-де жергілікті қорғаныс істері жөніндегі басқармаға баруға тиіс.
Азаматтарды «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 33-бабы негізінде әскери жиынға шақыртып жатыр. Заңнамадағы бұл бап «Әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру» деп аталады.
«Əскери мiндеттiлер аумақтық әскерлердің аумақтық органдарына жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс дайындығы жөніндегі іс-шаралар аясында әскери жиындарға шақырылады», – деп жазылған заңның 33-бабында.
Осындай әскери жиындарды Қорғаныс министрлігі ғана емес, облыс, республикалық маңызы бар қалалар, Астана әкімдігінің қаулысы негізінде де ұйымдастыра алады. Жергілікті басшылық ол үшін Қарулы күштер Бас штабымен келіседі.
Әскери билеті бар болғанына қарамастан, әскери міндетті запастағы офицерлер де осындай жиындарға баруы керек. Әйтпесе әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
«Келмеген жағдайда «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік шара көзделген«, – деп ескертті жергілікті әскери басқарма.
Kursiv.Media осы мәселеге қатысты Қорғаныс министрлігіне сауал жолдады. Материал жарияланған уақытта осы мекемеден жауап келген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, жақында ғана Қазақстанда әскери қызметке шақыру жүйесіне өзгеріс енгізілген. Енді әскер қатарына алынатындарға қағаз түрінде ғана емес, электронды форматта да шақырту жолданады.
Ал 2025 жылғы 29 шілдеде әскерге шақырудың нақты мерзімдері белгіленген қаулы күшіне енді. Құжатқа сәйкес, мерзімді әскери қызметке шақыру жылына екі рет нақты белгіленген уақытта: күзде: 1 қыркүйектен 31 желтоқсанға дейін; көктемде: 1 наурыздан 30 маусымға дейін өтеді.