Жаңалықтар

2025 жылы қай банк ең көп пайда тапты

Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк дерегіне сәйкес, қаңтар-маусым айларында сектордың жиынтық таза пайдасы 1,379 трлн теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,2%-ға артқан.

Бұл көрсеткіштің басым бөлігінің нақтырақ айтқанда 88%-ы әдеттегідей нарықтағы ірі ойыншыларға тиесілі.

Табысы артқан банктер

Жартыжылдық қорытындысы бойынша, ең көп пайда тапқан банк – Halyk Bank. Оның таза табысы бір жыл ішінде 27,3%-ға өсіп, 473,9 млрд теңгеге жеткен.

Екінші орында Kaspi Bank. Қаржы ұйымы 6 айда 265 млрд теңге табыс түсірген (өсім – 13%).

Үшінші орынды Банк ЦентрКредит иеленіп отыр: оның жарты жылдық табысы 62,8%-ға өсіп, 137,4 млрд теңгені құрады. Бұл банк үшін айтарлықтай серпіліс.

Alatau City Bank (бұрынғы Jusan Bank) та жақсы нәтижемен көзге түскен. Банктің таза пайдасы 42,9%-ға артып, 101,3 млрд теңгеге жетті.

ForteBank те оң динамиканы көрсетіп, таза пайдасы 97,9 млрд теңгені құраған. (өсім – 33,1%).

Отбасы банкі 3,3% пайыз өсіммен 63,8 млрд теңге табыс тапқан. Bank RBK 34,7 млрд теңге (өсім – 24,9%) табыс түсірсе, Bereke Bank – 25,8 млрд теңге пайдамен (өсім – 287%) ең жылдам өсіп келе жатқан банктердің бірі атанды.

Табысы төмендегендер де бар

Сектордағы барлық банктің табыс арттырды деуге болмайды. Мысалы, Еуразиялық банк 34,3 млрд теңге пайда тапқанымен, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,9%-ға аз.

Ал Freedom Bank жарты жылдықты 27 млрд теңге шығынмен аяқтады. Банк мұны қаңтар айындағы мемлекеттік бағалы қағаздардың уақытша теріс қайта бағалануымен түсіндірген.

Маусымдағы табыс қандай болды?

Тек маусым айының өзінде банктер 235,7 млрд теңге пайда тапты. Қазақстанның банк секторында енді 22 қаржы ұйымы бар. Жаңа ойыншы – корейлік BNK Commercial Bank.

Ол маусым айында лицензия алып, банктер тізімінде 22-орынға жайғасты. Қазіргі уақытта бұл банктің активі – 27,5 млрд теңге, қарыз портфелі – 19,3 млрд теңге, таза пайдасы – 196,8 млн теңге.