
Енді кезек күтпей, ешбір қағазбастылықсыз мүгедектікті сырттай форматта рәсімдеуге болады. 2025 жылдың басынан бастап медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) жүйесі цифрландырылды.
Комиссия құжаттарды онлайн форматта қарайды, азаматтың өзі барып дәлелдеуі талап етілмейді.
«Жоба елдің барлық 20 өңірін қамтыды. Қаңтар айынан бері 30 түрлі дерт бойынша 62 мыңға жуық өтініш қаралды. Барлығы өтініш берушінің қатысуынсыз, онлайн форматта жүзеге асады. Бұл – сирек жағдай емес, күнделікті тәжірибеге айналды», – деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2024 жылы мүгедектікті осындай әдіспен 97 мыңға жуық адам рәсімдеген. Бұл – барлық өтініш берушілердің 37,4%-ы. Министрлік биыл да бұл көрсеткіш өсіп келе жатқанын мәлімдеді.
Ведомство хабарлағандай мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет. Ал қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Бұған дейін мүгедек бала асырап отырған ата-анаға зейнетақы қалай тағайындалатыны жөнінде жазған болатынбыз.