
Әлемдік жұлдыз Дженнифер Лопес Астанадағы киген сахналық образдарын отандық дизайнерлер дайындады. Бұл жаңалықты дизайнер Зияда Бекбасова мен Алтынай Ракишева Jibek Joly арнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында айтты.
Концерт ұйымдастырушылары бізге Джей Ло командасымен жұмыс істеуді ұсынды. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Ұсынысты бірден қабылдадық, – деді Зияда Бекбасова.
Джей Ло командасы қазақстандықтардың кәсібилігіне көз жеткізген соң, тек бишілер мен музыканттарға ғана емес, әншінің өзіне арналған сахналық костюмдерді де сеніп тапсырған.
Барлық образдарды толықтай дайындадық. Бэк-вокалистер, бишілер мен музыканттарда әрқайсысында 5–6 костюм болды. Кейін олар бізге Джей Лоның костюмдерін де сеніп тапсырды. Біздің Асқар есімді шеберіміз оның киімдеріндегі декоративті элементтерді қалпына келтіріп, қайтадан тікті, – деп бөлісті дизайнерлер.
Дизайнер қыздардың айтуынша, әлемдік жұлдызбен жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Қазақстандық әртістерде орта есеппен 10 шақты образ болса, Джей Лоның тіпті шұлығының үстінде де есімі жазылып тұрады. Әр костюмнің қай жерде тұратыны нақты белгіленген. Біз бәрін олар талап еткендей етіп жинақтадық. Соңында бас костюмер әр киімді жеке тексеріп, қабылдап алды, – дейді Алтынай Ракишева.
Джей Лоның ұжымы қазақстандық шеберлердің жұмысына ерекше риза болған.
Ағылшын тілінде еркін сөйлей алғанымыздың арқасында өзара тіл табысу оңай болды. Біздің жұмысымызға тәнті болып, бізді сахна артына шақырды. Бұған дейін ешкімге ондай рұқсат берілмегенін айтты. Бізге арнайы білезіктер де табысталды, – деп еске алды костюмерлер.
Сонымен қатар қазақстандық дизайнерлерге Джей Лоның концерттік турына арналған арнайы мерч өнімдерін жасау ұсынылған.
Бізге Джей Лоның турына мерч дайындау ұсынылды. Алайда уақыт тым тығыз болғандықтан, бас тартуға мәжбүр болдық. Себебі біз үшін сапа мен ерекшелік – басты орында, – деді Зияда Бекбасова.
Еске сала кетейік, Дженнифер Лопес 1 тамыз күні Астанада концерт өткізді. Ал 10 тамызда Алматыда өнер көрсетеді.
Бұған дейін, Астана қаласының маслихат депутаты Сәуле Самидин Дженифер Лопес киген сахналық киімдерін сынға алған еді.