Жаңалықтар

Балқашта 8 жастағы баланы ұрып-соғуға қатысты істің мән-жайы айтылды

Балқашта болған іс бойынша тергеу жүріп жатыр/фото: shutterstock

Балқаш қаласында 8 жастағы баланы ұрып-соғуға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қарағанды облысы полициясының хабарлауынша, кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Оқиғаның мән-жайы

Балқаш тұрғыны Мәдина Досымбекова ұлын «Қазақмыс корпорациясы» қызметкері аяусыз ұрып-соққанын мәлімдеді.

«Бұл жай ғана ұрып-соғу емес, азаптау: саусақтарын сындырып, басынан ұрған, денесін күйдірген. Мұның бәрін ересек ер адам», – деді әйел.

Күдіктінің шағымы тіркелді

Полицияның ақпаратына сәйкес күдікті 8 жастағы баланың әрекетіне қатысты шағым түсірген.

Полиция 8 жастағы баланың 4 жастағы қызға (күдіктінің қызы – ред.) қатысты жыныстық сипаттағы құқыққа қарсы әрекеттер жасауға тырысқаны бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.

«Күдіктінің бұл мәлімдемесі бойынша тергеу аясында барлық қажетті тергеу және процессуалдық шара қабылданып жатыр. Оқиғаның толық әрі жан-жақты мән-жайы анықталып жатыр», – деп хабарлады полиция.

Ер адамның шағымы тіркелді, алайда балаға қатысты қылмыстық іс қозғалмаған.

«Қазақмыс корпорациясы» жауабы

Балқашта тіркелген іс бойынша «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС да пікір білдірген.

«Қолда бар мәліметке сәйкес, жәбірленуші тарап құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Өз тарапымыздан тергеуге жан-жақты көмек көрсетеміз. Қызметкерге қатысты барлық шешім ресми тергеу мен оның әрекеттеріне құқықтық баға берілген соң қабылданады», – делінген компания жауабында.

Сондай-ақ компания адам құқығы, заң талабы және ішкі еңбек тәртібін қатаң сақтау қағидаларын ұстанатынын айтты.