
Қазақстанда кәсіпорындар 3,5 мыңнан астам жұмыскерге айлық бермей келген. Жалпы, 239 кәсіпорынның берешегі 1,3 млрд теңгеден асып жығылған.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
«2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 239 кәсіпорны 3,5 мыңнан астам жұмыскерге 1,3 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар тексеру барысында 4 мыңнан астам адамның еңбек құқығы бұзылған.
Айлық төлемей, қол астындағы қызметкерлердің құқығын бұзған кәсіпорындардың басшыларына орындауды міндеттейтін 2 287 ұйғарым берілген. 277 млн теңгеден аса айыппұл салынып отыр.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары 3,4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтарын қорғап, оларға 1,1 млрд теңге төлеуге ықпал еткен.
Жалпы, осы уақыт ішінде 25 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.
Айта кететін жайт, Түркістанда балалар ауруханасының кіші қызметкерлері еңбекақының аздығына шағымданған еді.