
3 жылға сотталған бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапанов пен кәсіпкер Ләззат Көккөзоваға қатысты іс апелляциялық сатыда қаралып жатыр. Алайда Қожағапановтың адвокаты Нұрлан Бейсекеев сот алқасы құрамына қарсылық білдірді, деп хабарлайды KursivMedia.
Адвокат қылмыстық-процестік кодестің 52-бабына сүйенетінін айтты. Бұл бапта «сот құрамы» туралы көрсетілген. Заңға сүйеніп, қорғау тарабы қылмыстық іс бойынша шыққан үкімге қарсы шағымды Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы – судья Айсулу Сламбекованың қарауын сұрады.
Іске төрағалық етуші судья Арыстанбеков тараптардың пікірін сұрап, кеңесу бөлмесіне кетті.
Содан кейін сот алқасы судьяға қарсылықты қабылдамады. Істі судья Жарас Арыстанбеков, Әлихан Қасенов, Нұрлан Баяхметов қарап жатыр.
Сот үкімі
2025 жылдың мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Қылмыстық істегі екінші сотталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасына қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.