
Қазақстандық фермелер егінін қуаңшылықтан сақтандыра алады. «Freedom Insurance» компаниясы ерікті сақтандыру бағдарламасын ұсынады.
Қазақстанда егіншілікке қауіп көп
Қазақстан тәуекелі жоғары егіншілік аймақтың біріне жатады. Қуаңшылық, үсік тәрізді табиғи құбылыстардан егінге үлкен зиян тиеді. «Қазгидромет» дерегінше, ел аумағында жылыну қарқыны жер шарындағы орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Мамандар үсік жүруі де жиі байқалатынын айтады. Сарапшылар мұндай температуралық ауытқулар ауыл шаруашылығына кері әсерін тигізеді және бұл өзгерістерге бейімделу де қиын екенін айтады.
Осындай табиғи құбылыстардан келетін зардаптың алдын алу үшін сақтандырушылар аграрийлерге арнап жаңа сақтандыру өнімдерін әзірледі. Оның аясында заманауи цифрлық құралдарды пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы саласында тәуекелдерді барынша дәл және объективті бағалайды.
«Біз әлемде кеңінен қолданылатын параметрлік тәсілді таңдадық, өйткені ол деректерді алудағы объективтілікті қамтамасыз етіп, адам факторын есепке алмайды. Классикалық сызбада егіс алқаптарын физикалық тексеру талап етілсе, біздің модель өнімділікті болжауды объективті дереккөздерді пайдалану негізінде жүзеге асырады», – деп атап өтті «Freedom Insurance» СК» АҚ сақтандыру компаниясының агросақтандыру басқармасының бастығы Диас Ерғалиев.
Яғни сақтандыру бағдарламасы ауа райы жағдайларын, дақылдың агробиологиялық сипатын қамтып, арнайы болжам жасайды. Сол арқылы әрбір фермер үшін жеке модель құрылады.
Егер фермер 10 жыл бойы бір алқапта, мысалы, бидай өсіріп, кейін дақыл түрін өзгертіп, қарабидай ексе, онда модель екі деректер жиынтығын да ескеріп, қазіргі жағдайға бейімделген нәтижені көрсетеді. Сол нәтижеге байланысты сақтандыру жағдайы да есептеледі.
Сақтандыру қалай есептеледі?
Егер үсік, қуаңшылық салдарынан фермер еккен егін әдеттегіден 80%-ға төмен деп есептесе, онда сақтандыруға жатады.
Сақтандыру полисін онлайн түрде agro.ffins.kz платформасында рәсімдеуге болады. ЭКҚ арқылы сайтқа кіргеннен кейін фермер өз алқаптарын, олардың параметрлерін көрсетеді, дақыл түрін және қамту деңгейін (өнім жоғалтудың 60%-дан 80%-ға дейін, 40%-дан 80%-ға дейін немесе 0%-дан 80%-ға дейін) таңдайды. Одан соң жүйе шарттарды автоматты түрде есептеп, өтінімді қарауға жібереді. Рәсім бас-аяғы бірнеше минут уақыт алады.
Нарықта бұған дейін ұсынылған өнімдерден айырмашылығы, жаңа аграрийлерге арналған полис себуге кеткен шығынды емес, қуаңшылық салдарынан жоғалтқан кірісін өтейді.
«Біздің мақсатымыз – алынбай қалған пайданы өтеу. Ұсынған өніміміздің ішінен өнімділіктің 80%-ға дейінгі жоғалуын жабатын максималды қамтуды таңдауға болады», – деп атап өтті Диас Ерғалиев.
Қазіргі таңда Freedom Insurance компаниясының тобы жаңа өнімді мемлекет субсидиялайтын сақтандыру бағдарламаларының тізіміне енгізу бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл фермерлерге сақтандыру сыйақысының 80%-ға дейінгі бөлігін субсидия есебінен өтеуге мүмкіндік береді.
Еске салайық, 2023 жылы елде аптап ыстық болып, егіншілер, фермерлер үлкен зардап шекті. Сол жылы ел қоймасына 11,4 млн тонна астық жиналды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 5 млн тоннаға аз еді. Қуаңшылықтан шығын көрген шаруалар уақытылы несиені төлей алмай, уақытын создыруға да мәжбүр болған.