Жаңалықтар

14 жастағы Әлижан Жанат соққан гол жанкүйерлерді тәнті етті (видео)

Жас футболшы Әлижан Жанат / фото: qjl.kz
Жас футболшы Әлижан Жанат / фото: qjl.kz

«Тараз» жастар клубының 14 жастағы қорғаушысы Әлижан Жанат соққан гол әлеуметтік желідегі жанкүйерлерді тәнті етті. Көпшілік жас футболшыны әйгілі Роберто Карлоспен салыстырды.

Әлижан Жанат жастар арасындағы QJ League турнирінің шілде айындағы үздік гол авторы атанды. Жанкүйерлер көңілінен шыққан ғажайып гол «Тараз» бен «Ақтөбе» арасындағы матчта соғылды.

Алаңның сол жақ қапталында пас алған қорғаушы допты шамамен 20 метр қашықтықтан қақпаға қарай тепкен. Әуелете ұшқан доп қақпаның оң жақ бұрышына кірді. Қақпашының оны қайтаруға мұршасы болмады.

Әлеуметтік желідегілер дарынды футболшының техникасын әйгілі Роберто Карлоспен салыстырып жатыр. Тағы біреулер мұндай голды әлемнің ең мықты қақпашылары да ұстай алмауы мүмкін деп жазды. Жанкүйерлердің бірнешеуі жас футболшы көп ұзамай шетел асады деп болжайды.

«Әлижан, ондай гол соға берме. Әйтпесе бір күні «Челси» әкетіп қалады», – деп әзілдеді Бекжан есімді жанкүйер.

Бұл ойын 5 шілдеді Ақтөбеде өткен. Жергілікті футболшылар тараздық қонақтарды 3:2 есебімен жеңген.

Әлижан Жанат 2010 жылғы қарашада туған. Қорғаушы. Биыл QJ League турнирінде «Тараз» U16 сапында 14 ойын өткізіп, бір гол соқты.