Жаңалықтар

Геннадий Головкиннің кәсіпкер бауыры тағы бір фирманың иесі атанды

Геннадий Головкин  мен Максим Головкин
Геннадий мен Максим Головкин / фото: instagram.com/gmg_max, бильд-редактор Аделина Мәмедова

2025 жылғы шілдеде әйгілі кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің інісі Максим тағы бір коммерциялық ұйым тіркеді. Оның кем дегенде алты компаниясы бар.

Головкиннің фирмасы немен шұғылданады

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге қарағанда, Максим Головкин «Infinity Logistic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы атанды. Компания көлік экспедиция қызметін ұсынады. Мәлімет Shishkin_like телеграм-арнасында жарияланды.

Фирма алты жыл бұрын Алматыда құрылған. Осы күнге дейін бес құрылтайшы ауысқан. Кейінгі төрт жылда бас директор қызметін Асқар Исимбеков атқарған. Топ-менеджер алдын Алматы-1 станциясын басқарған. Фирма 2019 жылдан бері бюджетке жалпы көлемі 828 млн теңге салық төлеген.

Ол Максим Головкиннің портфеліндегі айтарлықтай маңызды актив. Бұған қоса, боксшының бауыры жеке кәсіпкер ретінде де тіркелген. Әуелі оның кәсібі «GGG» деп аталған, бірақ кейін «Головкин М.Г.» деп өзгерткен.

Кәсіпкердің басқа да компаниялары

Қарағандыда туған Максим Головкин Қазақстанда тағы бес кәсіпорынның құрылтайшысы. Олар:

  • «GGG Fitness Astana» ЖШС: 2018 жылғы қаңтарда құрылған. Қызмет түрі — фитнес-клуб. 2019 жылдан бері 1,33 млн теңге салық төлеген.
  • «GGG Fitness Karaganda» ЖШС: 2017 жылы қазанда ашылған. Ол да фитнес клуб. 2018 жылдан бері 3,19 млн теңге салық төлеген.
  • «GGG Corporation» ЖШС: 2023 жылғы мамырда тіркелген. Шағын дүкендерде сусынның көтерме саудасымен айналысады. 2024 жылдан бері 1,87 млн теңге салық төлеген.
  • «GGG NRG» ЖШС: 2021 жылғы сәуірде құрылған. Сусындардың көтерме саудасы. 2018 жылдан бері 20,22 млн теңге салық төленген.
  • «GGG Energy» ЖШС: 2017 жылғы маусымда ашылған. Сусындар көтерме саудасы. 2018 жылдан бері бюджет 34,81 млн теңге салық түскен.

Боксшы Головкиннің кәсібі

Кәсіпкер бауырына қарағанда, Геннадий Головкиннің Қазақстанда бір ғана компаниясы тіркелген. 2011 жылғы тамызда ол «GGG & Friends Co.» компаниясы қожайындарының бірі атанды. Оның кәсіптегі әріптесі – Кирилл Потапов. Фирма түрлі тауардың көтерме саудасымен айналысады. 2015 жылдан бері компания бюджетке 1,082 млрд теңге салық төлеген.

2016 жылы Геннадий Головкиннің Екібастұз бен Қарағандыда көмір байыту фабрикалары құрылысына инвестиция құйғаны мәлім болды. Оның осы жобадағы әріптестері – «KAZ Феррит» пен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры.