
12 тамыз күні украиналық қорғаушы Илья Забарный «Пари Сен-Жермен» клубымен 2030 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. Трансфер кезінде «ПСЖ» Забарныйдың жайлылығы үшін ресейлік қақпашы Матвей Сафоновпен қоштасуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.
Алайда ресейлік қақпашы да, украиналық қорғаушы да париждік клубта қалды. Забарный ресми таныстырылымнан кейін бірден жаттығуға кірісіп, сол күні-ақ Сафоновпен бірге алаңға шықты.
Әлеуметтік желідегі бейнежазба астындағы пікірлерде жанкүйерлер әзілдеп: «Бір күні ПСЖ-да орыс, украин және грузин жиналыпты», – деп жазуда. Мұндағы «грузин» деп отырғаны – клубтың жартылай қорғаушысы Хвича Кварацхелия.
Айта кетейік, ПСЖ жаңа маусымның басында алғашқы трофейін жеңіп алды. Париждік команда «Тоттенхэммен» Суперкубок үшін таласта пенальти сериясында басым түсіп, жүлдені иеленді.