
Қаржы мониторинг агенттігі Астанада вейптер, хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз саудалаған 5 қойманы анықтады. Ол жерден жалпы құны 6 млрд теңге болатын 490 мың вейп тәркіленді.
Заңсыз өнімдерді Telegram арқылы сатып, Қазақстанның барлық өңіріне курьерлік жеткізу арқылы таратылған. Вейп сатудан түскен ірі көлемдегі қаражаттың ізін жасыру үшін дроперлерді пайдаланған.
Одан бөлек күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемасын ұйымдастырған. Қылмыстық табыстың бір бөлігі шетелден кофе жеткізуге арналған мәмілелерге жұмсалған, жалпы сомасы 92 млн теңгеден асады.
Қазір заңсыз бизнес ұйымдастырушыларға іздеу жарияланды. Сот санкциясымен тыйым салынған өнімдерді тасымалдау үшін пайдаланған автокөлікке тыйым салынды.
Бұған дейін Алматыда да 150 мыңға жуық вейп тәркіленген еді.
Былтыр көктемде вейп пен электронды темекі сатуға тыйым салатын заң жобасы қабылданған. Оны заңсыз сатқаны үшін 50 тәулікке дейін қамауға алынады. Ал әкеліп таратқаны үшін 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.