Инвестиция

Моноқалалар: Бір зауытқа байланған қалалардың жағдайы қандай?

На химзаводе «КазАзот» в Актау зафиксировали выброс после аварии на ТЭЦ

Қазақстан картасына көз жүгіртсек, ірі мегаполистер мен облыс орталықтарынан бөлек, елдің өндірістік тынысын ұстап тұрған, бірақ көлеңкеде қалып қоятын шағын қалалар бар. Бұл –моноқалалар. Олардың атауының өзі көп нәрсені аңғартады: моно – бір, яғни экономикалық тірегі бір ғана сала немесе кәсіпорынға байланған қала.

Бір кәсіпорынға арқа сүйеп, бір бағытпен өмір сүру -кейде тұрақтылықтың кепілі болса, кейде болашағы бұлдыр тәуелділікке айналады.

Моноқалалар саны / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Моноқалалардың қысқарған картасы: 27-ден 20-ға

Бірнеше жыл бұрын елімізде моноқалалардың саны 27 болатын. Бірақ 2023 жылдың 21 қарашасында Ұлттық экономика министрлігі олардың тізімін қайта қарап, бұл санды 20 қалаға дейін қысқартты.

Мәртебесінен айырылған жеті қала – Арқалық, Жаңатас, Жезқазған, Қаратау, Сарань, Серебрянск және Текелі. Бұлар кезінде бір кәсіпорынға немесе бір салалық ресурсқа арқа сүйеп тұрған, бірақ уақыт өте келе экономикалық құрылым өзгерді, табиғи қор сарқылды, өндірістік маңызы төмендеді.

Бүгінде моноқалалардың географиясы да әркелкі:

  • Қарағанды облысы – 4 қала (Теміртау, Балқаш, Сәтбаев, Шахтинск)
  • Қостанай облысы – 3 қала (Рудный, Жітіқара, Лисаков)
  • Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарында – әрқайсысында 2 қала.
    Басқа облыстарда бұл тізімге 1-ден ғана қала кіреді.
Моноқалалардағы халық саны / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Халық саны: аздаған, бірақ жүйелі кему

2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, 20 моноқаланың жалпы халқы 1,318 млн адам. Бұл 2019 жылғы 1,329 млн-мен салыстырғанда 0,4%-ға аз. Бір қарағанда, айырмашылық мардымсыз. Бірақ статистика ішіне үңілсек, үрдіс айқын: туу деңгейі жаман емес, алайда жастар мен еңбекке қабілетті азаматтар ірі орталықтарға көшіп жатыр.

Ең ірі үш моноқалаТеміртау (172 мың), Екібастұз (129 мың), Рудный (112 мың). Бұл қалалардың халқы соңғы бес жылда бір деңгейде тұр – өсім де жоқ, айтарлықтай кему де жоқ. Ал тұрғындар саны 40 мыңға да жетпейтін 7 қала бар. Олардың қатарында – Қаражал, Абай, Хромтау сияқты елге таныс, бірақ экономикалық демі қысқа қалалар.

Миграцияның басты себептері:

  1. Жұмыс орындарының шектеулілігі
  2. Жоғары жалақы іздеу – жастар өндірістен гөрі қызмет көрсету немесе IT секторға бет бұрады
  3. Әлеуметтік инфрақұрылымның әлсіздігі – медицина, білім беру, мәдениет нысандарының аздығы
Моноқалаларға салынған инвестиция көлемі / Инфографика: kursiv.media, бильд-редактор Нұрсұлтан Ерболатұлы

Инвестициялар: жалпы өсім, бірақ аймақтық айырмашылық бар

Моноқалаларға тартылған негізгі капитал инвестициялары 2019 жылғы 0,6 трлн теңгеден 2023 жылы 1,2 трлн теңгеге дейін өсті – бұл екі еседен аса өсім.

Көшбасшылар:

  • Екібастұз – 232,3 млрд тг (энергетика және көмір өндірісі)
  • Жаңаөзен – 223,5 млрд тг (мұнай-газ секторы)

Соңғы бес жылда Екібастұзда инвестиция көлемі екі есе, Жаңаөзенде бес есеге жуық артқан. Алтай мен Хромтау да инвестициясын еселеді.

Кері мысалдар: Ақсу мен Теміртауда инвестиция төмендеген. Бұл қалаларда өндіріс көлемі бұрынғыдай, бірақ жаңа жобалар аз.

Кәсіпкерлік: ШОБ өсімі бар, бірақ құрылымы әлсіз

Моноқалаларда шағын және орта бизнес (ШОБ) – экономиканы әртараптандырудың негізгі жолы. 2019 жылы мұнда 73 мың ШОБ субъектісі болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 100 мыңға жуықтады.

Кей қалаларда ШОБ үлесі экономиканың 20–30%-ына жеткенімен, көпшілігінде бұл көрсеткіш мардымсыз.
Басты себептер:

  • Ірі кәсіпорындардың басымдығы
  • Кәсіпкерлік мәдениетінің төмендігі
  • Несие мен қаржы қолжетімділігінің аздығы

Дегенмен, үкіметтің қолдау бағдарламалары – «Бизнестің жол картасы», «Өңірлерді дамыту» – шағын өндіріс пен қызмет көрсету саласына жаңа леп беріп жатыр.

Өндірістік тәуелділік: шикізатқа байланған экономика

Моноқалалардың басты әлсіздігі – өндірістің бір ғана салаға шоғырлануы.

  • Теміртау – металлургия, болат өндірісі (Qarmet зауыты)
  • Балқаш, Жезқазған – мыс өндірісі
  • Рудный – темір рудасы
  • Екібастұз – көмір мен электр энергиясы
  • Жаңаөзен – мұнай өндіру

Бұл тәуелділік әлемдік нарықтағы баға өзгерістеріне сезімталдықты арттырады. Мысалы, мұнай бағасы түссе – Жаңаөзеннің де, темір бағасы арзандаса – Рудныйдың да табысы күрт төмендейді.

Жұмыссыздық: ортадан жоғары

Моноқалаларда ресми жұмыссыздық көрсеткіші 5–6%, бұл республикадағы орташа деңгейден сәл жоғары. Кей өңірлерде көрсеткіш төмен болғанымен, жұмыс орындарының құрылымы мен сапасы маңызды мәселе болып қала береді.

Мәселе неде?

  • Жаңа өндіріс орындарының аздығы
  • Қызмет көрсету секторының дамымауы
  • Жұмыс күшінің қайта даярлану мүмкіндігінің шектеулігі

Шетелдік моноқалалар тәжірибесі

Моноқалалар – экономикалық өмірі бір немесе бірнеше ірі кәсіпорынға тәуелді елді мекендер. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, егер бұл кәсіпорындарда өндіріс қысқарса немесе тоқтаса, бүкіл қала әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшырайды. Сондықтан көптеген елдер мұндай қалаларды әртараптандыру және жаңғырту үшін арнайы саясат жүргізеді.

АҚШ – «Rust Belt» қайта өркендету бағдарламалары

XX ғасырдың соңында АҚШ-тың өнеркәсіптік белдеуі – Rust Belt аймағы ауыр дағдарысқа тап болды. Көмір, болат және машина жасау салалары құлдырап, көптеген моноқалалар жұмыссыздық пен көші-қонға ұшырады. Бұл аймақта:

  • Жаңа технологиялық парктер мен бизнес-инкубаторлар құрылды.
  • Жергілікті университеттер мен колледждер жаңа мамандықтар бойынша кадр дайындауды бастады.
  • Мемлекет жеке секторды тарту үшін салықтық жеңілдіктер берді.

Мысалы, Питтсбург қаласы болат өндірісінен кейін IT және медицина орталығына айналды.

Канада – тау-кен қалаларын қайта бейімдеу

Канададағы солтүстік аймақтардағы тау-кенге тәуелді қалалар кен орындары таусылғанда бос қалып жатты. Ел билігі мұндай қалаларға:

  • Инфрақұрылымды жақсартуға инвестиция салды.
  • Туризм мен экотуризмді дамытуға гранттар берді.
  • Жергілікті халықты қайта оқыту бағдарламаларын енгізді.

Сол арқылы бір ғана саладан тәуелділікті азайтуға қол жеткізді.

Австралия – көмір және темір кеніне тәуелді қалалар

Австралиядағы кейбір моноқалалар кен өндіру көлемінің ауытқуына қатты тәуелді. Үкімет жергілікті экономикаға қосымша бағыттар – ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және жаңартылатын энергия жобаларын енгізуді қолдады.

Үкімет жоспары: 10 қала – басым бағыт

2027 жылға дейін үкімет 10 ірі моноқаланы дамытуға 1,7 трлн теңге бөлмек. Бұл жоспарға Алтай, Балқаш, Лисаковск, Жітіқара, Степногорск, Жаңатас, Қаратау, Риддер және тағы бірнеше қала кірген.

608 шара қамтылған кешенді жоспар мына бағыттарды көздейді:

  • Денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын жаңарту
  • Инфрақұрылым мен жолдар
  • ШОБ-ты қолдау
  • Агроөнеркәсіп кешенін дамыту
  • Жасыл технологиялар мен инновация енгізу

Болашаққа жол: не істеу керек?

  • Экономиканы әртараптандыру – агроөнеркәсіп, туризм, логистика
  • Жас мамандарды тарту – жеңілдікпен баспана, гранттық жобалар
  • Жаңа технология – қайта өңдеу, цифрландыру, жасыл энергетика
  • Кәсіпкерлікті күшейту – қаржыландыру мен оқыту

Моноқалалар – Қазақстан экономикасының өнеркәсіптік тіректері. Бірақ бұл тіректердің кейбірі уақыттың сынына төтеп бермей тұр. Егер үкіметтің кешенді жоспарлары нақты жүзеге асып, әртараптандыруға күш салынса, моноқалалар тек өткеннің мұрасы емес, болашақтың да экономикалық тірегіне айналуы мүмкін. Ал егер өзгеріс болмаса, бұл қалалар халық азайған, жұмыссыздық өскен, ескі зауыттардың көлеңкесінде қалған «ұмыт қалған» аймақтарға айналады.