Жаңалықтар

Абай облысында апатқа ұшыраған балаларға әскери ұшақпен дәрігерлер жіберілді

Абай облысына әскери ұшақпен дәрігерлер жіберілді / фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Абай облысының Үржар ауданында болған қайғылы жол апатына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомствоның хабарлауынша, Президенттің тапсырмасымен зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Әскери әуе күштерінің С-295 әскери-транспорттық ұшағы аттанды.

Ұшақ бортында реаниматолог, нейрохирург және травматологтан құралған арнайы медициналық бригада бар.

Оқиға Үржар ауданының Бестерек ауылында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, 55 жастағы Toyota автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, үй қақпасының алдында, жолдан 10 метр қашықтықта тұрған балаларды қағып кеткен.

Полицияның мәліметінше, жол апаты салдарынан екі бала оқиға орнында көз жұмған, тағы біреуі медициналық мекемеге барар жолда қайтыс болды. Үш жасөспірім әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.