
Финляндияда 30 жастағы депутат парламент ғимаратында өзіне қол жұмсады. Осыған байланысты елдің премьер-министрі Петтери Орпо барлық саяси келіссөздерді тоқтатып тастады деп жазады Euronews.
19 тамызда Хельсинктегі парламент ғимаратында фин депутаты Эмели Пелтоненнің денесі табылды. Жергілікті билік ол өзіне қол жұмсады деп есептейді. Социал-демократ партиясы депутатының өлімі елдің саяси сферасында дүр сілкініс тудырды.
«Ол біздің қауымдастығымыздың ерекше қадірлі мүшесі болды, біз оны қатты сағынамыз. Жас ғұмырдың тым ерте қиылуы өкінішті», – деп жазылған социал-демократтар парламенттік фракциясының төрайымы Тютти Туппурайненнің мәлімдемесінде.
Пелтоненнің мансабы өте ерте басталды. 18 жасында ол Ярвенпя қалалық кеңесінің депутаты атанған. Бірақ соңғы апта саяси сахнадан көрінбей кетті. Маусымда «бүйрегімен мәселе бар екенін», жұмысына кедергі болып жатқанын айтқан еді.
«Мен ауруханадан шықтым, бірақ қазіргі жағдайға байланысты уақытша демалыстамын. Сырқаттан кейін толық жазылып шығуға тырысып жатырмын», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
Бұған дейін Армения парламентінде депутаттардың төбелескені жайлы жазған едік. Билік басындағы партия мүшелері оппозициядағы саясаткер Артур Саркисянға жабылып, жұдырық ала жүгірген.