Жаңалықтар

Қазақстанға тағы бір қытайлық маркетплейс келеді

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанға Қытайдың ірі маркетплейстерінің бірі JD.com платформасы келеді. Жақын арада оның қазақ және орыс тілдеріндегі нұсқалары іске қосылмақ. Жоба «Қазпоштамен» бірлесіп жүзеге асырылады. Бұл туралы компания «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

Осы мақсатта «Қазпошта» Халықаралық қаржы орталығында Qazpost-JD Tech Co. атты бірлескен компанияны тіркеді. Сервистің пилоттық іске қосылуы 2025 жылдың қазан айына жоспарланған, ал осы жылдың төртінші тоқсанында толыққанды жұмысын бастауы қажет.

«Қазпошта» сервистің логистикасы мен қаржылай тұсын қамтамасыз етсе, қытайлық серіктесі – CITIC Poly Fund инвестициялық қоры маркетплейстің техникалық бөлігі мен инвестицияларына жауапты болады.

«Жобаны іске қосу қазақстандық тұтынушыларға халықаралық тауарлардың кең ассортиментіне қол жеткізуге мүмкіндік береді, отандық өндірушілер мен кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады, сондай-ақ ұлттық логистика секторының бәсекеге қабілеттілігін арттырады», – деп атап өтті «Қазпоштада».

Компанияда атап өткендей, JD.com-мен бірлескен жоба «көтерме маркетплейс» емес, сервис жеке тұтынушыларға арналған. Қазір компанияның жарғысын келісу және маркетплейс интерфейстерін қазақ, орыс тілдеріне аудару жұмыстары аяқталуға жақын.

JD.com – Қытайдың ең ірі маркетплейстерінің бірі әрі жаһандық e-commerce ойыншысы. Ол Alibaba (Taobao, Tmall) және Pinduoduo компанияларымен бәсекелеседі. JD.com Азиядағы ең ірі қоймалар мен тарату орталықтарының желісіне ие.