
Денсаулық сақтау министрлігі Абай облысы Үржар ауданы Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімдеді.
Абай облысынан Астанадағы ауруханаға жеткізілген балалардың жағдайы әлі де ауыр күйінде қалып отыр. Екі бала да жансақтау бөлімінде жатыр.
«Тоғыз жастағы қыз және алты жастағы ұл балада жарақаты ауыр, сүйектері сынып, жарақаттық шок анықталған. Оларға толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде, тиісті тексерулер мен емдеу шаралары жүргізіліп жатыр. Жағдай дәрігерлердің бақылауында», — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Зардап шеккен тоғыз жастағы тағы бір қыздың да жағдайы тұрақсыз. Ол Абай облыстық ауруханасында, өңірдің бас анестезиолог-реаниматологының бақылауында қалдырылған.
Еске салайық 19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында Toyota көлігін тізгіндеген 55 жастағы жүргізуші рөлге ие бола алмай, үйдің қақпасы алдында тұрған алты баланы қағып кеткен. Соның салдарынан үш бала қаза тапты. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды
Президенттің тапсырмасымен зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Әскери әуе күштерінің С-295 әскери-транспорттық ұшағы барды.