Жаңалықтар

«Сыр сұлуы»: қазақ ғалымдары суды көп қажет етпейтін күріш сортын шығарды

Сыр сұлуы жаңа күріш сорты
Қазақ ғалымдары суды аз тұтынатын «Сыр сұлуы» атты күріш сортын шығарды / Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Қазақ ғалымдары суды көп қажет етпейтін күріш сортын шығарды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыр сұлуы»

Министрлік мәліметінше, Қызылорда облысының Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары аталмыш күріш сортын сынақтан өткізіп жатыр. Жаңа күріш сортына «Сыр сұлуы» деген атау берілген. Бұл сорттың еркешелігі басқа күріш түрлеріне қарағанда ерте пісіп жетіледі.

Мәселен, әдеттегі күріш түрлерінің пісіп жетілуі үшін 120-125 күн қажет. Ал «Сыр сұлуының» пісіп жетілуі үшін 105-110 күн жеткілікті. Сонымен бірге аталмыш күріш түрі жергілікті ауа райы мен топыраққа толық бейімделген. Егер бұл өнім түрін барлық агротехникалық талаптары сақтай отырып өсірсе, оның гектарынан 80-85 центнерге дейін өнім алуға болады.

Су тапшылығы жағдайында өнім алу

Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты басқарма төрағасының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Жанұзақ Баймановтың айтуынша, елдің оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу техгологияларын енгізу – заман талабы. Себебі су тапшылығы – бүгінгі күннің ең үлкен проблемасы.

«Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі су шаруашылығы жағдайы суды үнемдеудің жаңа тәсілдерін іздеуді және әзірлеуді қажет етіп отыр. Әлемдік климаттың өзгеруін ескерсек, осындай жаңа дақыл түрлері бұрыннан өсіріліп жүрген суды көп қажет ететін сорттарға жақсы балама бола алады. Бұл ғылыми жұмыстың нәтижесі ауыл шаруашылығының дамуына және күріш алқаптарында су тұтынуды азайтуға оң ықпал етеді», – дейді институт өкілі.

Су үнемдеудің басқа тәсілдері

Бұдан бөлек министрлік аграрлық сала мамандарымен бірлесіп, венгриялық Water Retainer жаңа препаратын сынақтан өткізіп жатыр. Бұл препарат топырақта ылғлдың ұзақ сақталуын қамтамасыз етеді. Аталмыш препатты тәжірибе ретінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола және Жетісу облысының шаруалары қолданып көрген. Бұл препарат егістіктерге жіберілетін су көлемін азайтуға айтарлықтай әсер еткен.

«Бірінші сынақ кезеңінде төрт ғылыми-зерттеу институты қатысты. Сынақ нәтижесінде препарат күріштің өсу кезеңін қысқартып, суды айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік беретіні анықталды. Әдетте күрішке 90 күн бойы су жіберіледі, ал бұл препаратты қолданғанда бар болғаны 51 күн суару жеткілікті», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің Ғылыми және инновациялық технологиялар департаменті директоры Ләззат Жүсіпова.