Жаңалықтар

«Қайрат» — «Селтик»: матчты тікелей эфирде қайдан көруге болады

Қайрат – Селтик: матчты тікелей эфирде қайдан көруге болады / фото: fckairat

26 тамыз күні Алматыда Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі жауапты матч өтеді. Қазақстанның «Қайрат» клубы өз алаңында Шотландияның атақты «Селтик» командасын қабылдайды.

Ойынның тікелей трансляциясы сағат 21:45-те «Qazsport» телеарнасынан көрсетіледі.

Глазгода өткен алғашқы кездесуде командалар жеңімпазды анықтай алмады — есеп 0:0 болды. Бұл нәтижеден кейін «Қайрат» өз алаңында шешуші сәтті пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

Алматылық клуб бұған дейін іріктеу кезеңінде бірқатар қарсыластарын жарыстан шығарған. Олар Словенияның «Олимпиясын» қос матчтың қорытындысы бойынша 3:1 есебімен ұтты. Кейін Финляндияның КуПС командасын 3:2 есебімен жолдан тайдырды. Словакияның «Слованымен» өткен тартысты ойында негізгі уақытта 1:1 тең түсіп, пенальти сериясында 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Егер «Қайрат» «Селтиктен» басым түссе, онда клуб тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды. Ал жеңілген жағдайда Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетеді.

Көп жанкүйер жиналатынына байланысты қалада қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Ұлттық гвардияны қосқанда екі мыңнан астам полиция қызметкерлері жұмылдырылады. Жанкүйерлердің жайлылығы үшін жоғары жылдамдықты интернет, резервтік электрмен жабдықтау, медициналық кезекшілік, санитарлық инфрақұрылым және экологиялық шаралар қарастырылған.

Қайрат – Селтик

Жанкүйерлерге тегін автобустар ұйымдастырылады

Кептелістерді болдырмау үшін қозғалыс Абай даңғылы — Байтурсынов көшесі — Мұқанов көшесі — Сәтбаев көшесі аумағында уақытша шектелуі мүмкін.

Жанкүйерлердің стадионға келуін жеңілдету мақсатында қаланың негізгі нүктелерінен Орталық стадионға дейін және кері қарай тегін автобус бағыттары іске қосылады. Олар Қалқаман, Орбита, Айнабұлақ шағынаудандарынан, «Халық Арена» аялдамасынан, Алматы-1 және Алматы-2 теміржол вокзалдарынан, Наурызбай аудандық ХҚКО-дан, сондай-ақ Момышұлы — Мөңке би көшелерінің қиылысынан қатынайды.

Көлік бағыттары сағат 18:00-де басталады, стадион есігі жанкүйерлер үшін 18:45-те ашылады.