
Ресми автодилерлер жаңа көліктердің бағасын төмендетуді жалғастырып жатыр. Kурсив Авто дерегінше, бұған дейін Chevrolet, BYD, Changan, Chery, Geely және Hyundai автокөліктері арзандағаннан кейін енді Қазақстанда Kia модельдерінің бағасы да төмендеді. Дистрибьютордың ресми сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, көліктер 1,4–4 млн теңгеге арзандап отыр және бұл жеңілдіктер тамыз айының соңына дейін күшінде болады.
Науқан аясында Kia брендіне тиесілі алты модельдің бағасы төмендетілген. Мысалы, Kia Ceed 1,44 млн теңгеге арзандап, қазіргі таңда 10,9 млн теңгеден басталады. Ал K5 седанының бағасы 2 млн теңгеге түсті – енді ол 14 млн теңгеден сатылады.
Бағдарламаға Seltos пен Sportage кроссоверлері де енгізілген. Seltos-тың базалық жинақтамасы 12,23 млн теңгеден (–1,73 млн), ал Sportage 14,5 млн теңгеден (–2,22 млн) басталады.
Kia-ның ірі модельдерінің ішінде Sorento 2,8 млн теңгеге арзандап, 19 млн теңгеден басталатын болды. Ал флагмандық K8 моделі 4 млн теңгеге арзандап, 20,8 млн теңгеден сатылып жатыр.
Дистрибьютордың мәліметінше, бұл акция шеңберіндегі жеңілдіктер басқа ұсыныстармен қосылмайды.
Осыған дейін Қазақстанда Geely Emgrand пен Coolray 30%-ға арзандаған еді.