Жаңалықтар

«Қайрат» Чемпиондар лигасына шыққаны үшін қанша табыс тапты

«Қайрат» футбол клубы қанша табыс тапты / фото: fckairat

Алматылық «Қайрат» футбол клубы тарихта алғаш рет Чемпиондар лигасына жолдама алды. Квалификациялық кезеңде «Қайрат» алдымен Словенияның «Олимпиясын» (қос матчтың қорытындысы — 3:1), одан кейін Финляндияның КуПС клубын (3:2) және Словакияның «Слованын» (1:1, пенальти — 4:3) тізе бүктірді. Ал плей-офф кезеңінде алматылықтар Шотландияның атақты «Селтигін» жарыстан шығарды (0:0, пенальти — 3:2).

Осылайша, «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті. Бұл жетістік клубқа қомақты табыс әкелді: УЕФА тарапынан төленетін сыйақы 18,62 млн еуроны (шамамен 11,6 миллиард теңге) құрады.

Топтық кезеңдегі әрбір нәтижеге де сыйақы қарастырылған:

  • Жеңіс үшін — 2,1 миллион еуро (1,3 миллиард теңге);
  • Тең ойын үшін — 700 мың еуро (436 миллион теңге).

Айта кетейік, кеше 26 тамыз күні Алматыда өткен плей-оффтың жауапты матчында «Қайрат» жанкүйерлеріне ұмытылмас қуаныш сыйлады.