
Алматылық «Қайрат» алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Бұл тарихи сәттің басты қаһарманы жас қақпашы Темірлан Анарбеков атанды.
26 тамыз күні Алматыда өткен плей-офф кезеңінің жауапты ойыны тең нәтижемен аяқталды. Негізгі және қосымша уақытта есеп ашылмай, екі матчтың қорытындысы 0:0 болып тіркелді. Барлық мәселені пенальти сериясы шешті. Дәл осы жерде 21 жастағы қазақстандық қақпашы жанкүйерлердің жүрегін жаулап, ел футболының жаңа жұлдызына айналды. Анарбеков «Селтик» ойыншылары Адам Айда, Люк Макковен және Дайдзен Маэда соққан үш бірдей пенальтиді қайтара отырып, «Қайратты» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығарды.
Темірлан Анарбеков кім?
Темірлан Анарбеков 2003 жылдың 14 қазанында Атырауда дүниеге келген. «Қайрат» академиясының түлегі. 2020 жылы небәрі 17 жасында Премьер-лигада алғаш рет «Таразға» қарсы алаңға шыққан еді. Кейінірек «Қайрат-Жастар» құрамында капитандық міндетін атқарып, Бірінші лигада да, жастар арасындағы УЕФА турнирлерінде де өнер көрсетті.
2024 жылы астаналық «Жеңіс» клубына жалға берілді. Сол жылы жас қақпашы Қазақстан кубогында дәл осы Орталық стадионда «Жеңіс» пен «Қайрат» арасындағы ойында үш пенальтиді қайтарып, күтпеген жерден өз клубын (Қайратты) жарыстан шығарған еді. Енді, міне, бір жылдан соң тағы да үш бірдей соққыны тоқтатып, бірақ бұл жолы туған клубын тарихтағы ең үлкен жетістікке жеткізді.
Қазіргі таңда «Қайраттың» негізгі қақпашысына айналып қана қоймай, Қазақстан ұлттық құрамасына да шақырту алды. Клубпен келісімшарты 2027 жылдың соңына дейін жасалған. Transfermarkt дерегінше, жас дарынның нарықтық құны 200 мың еуроға бағаланады.
Бұған дейін 90 жуық ресми ойын өткізіп, соның 24-інде қақпасын құрғақ сақтаған. Ал «Селтикке» қарсы қайтарған үш пенальтисі оның мансабындағы ең есте қаларлық сәтке айналды.
Матчтан кейін Темірлан Анарбековтің әлеуметтік желідегі парақшасына мыңдаған жаңа жазылушы қосылды. Бір күннің ішінде оның есімі Қазақстан футболының жаңа символына айналып үлгерді.