Жаңалықтар

Қырғыздар Ыстықкөлде алтын өндірмекші

Фото: akipress.org

Қырғыздар Ыстықкөл облысындағы Құмтөр кен орнында алтын өндіре бастайды. Ел президенті Садыр Жапаров «Құмтөр Голд Компания» кәсіпорнының жобасына старт берді.

Жапаровтың сөзінше, Құмтөр кен орнының мемлекет меншігіне оралуы ел тарихындағы маңызды оқиғаның бірі болды.

«Құмтөр» кен орнында алтынды жер астынан өндіру жұмыстары ресми түрде басталды. Жерасты алтын өндіру жобасының іске қосылуы – қоршаған ортаны қорғау және бүгінгі күнге дейін сақталып келген мұздықтарды сақтау бағытындағы аса маңызды қадам», – деді Садыр Жапаров.

Қырғыз президентінің атап өтуінше, Құмтөрде алтын өндіру осыдан 20 жыл бұрын басталуы керек еді. Бірақ оған иелік еткен шетелдік компания бұрынғы билікпен астыртын келісім жасап, ашық карьерде жұмысты бастаған. Бұл өте арзан болғанмен, сол жердегі мұздықтарға үлкен зиянын тигізді.

Тек 2022 жылы 23 тамызда ғана Құмтөрдің тағдыры шешіліп, жүз пайыз мемлекеттік кәсіпорын деп танылды. Кен орнын пайдалану 17 жыл деп жоспарланған, болжам бойынша ол жердегі алтынның геологиялық қоры 147 тоннаны құрайды. Ал 2021 жылдың мамырынан бері «Құмтөр Голд Компания» кәсіпорнының табысы 3 млрд 445 млн долларға жеткен.

«Құмтөрдің болашағы зор, алдағы 40-50 жыл ел игілігі үшін жұмыс істейді», – дейді Жапаров.

Биыл алтын бағасы ерекше өсім көрсетті. Бес жыл бұрын ғана 1 грамм алтын 15 мың теңге тұрса, қазір оның бағасы 48 мың теңгеден жоғары.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) дерегінше, биыл әлем елдерінің орталық банктері де алтын сатып алуды көбейткен. Маусым айындағы ақпарат бойынша, ең ірі алтын сатып алушы Өзбекстан Орталық банкі болды.