
Прокурор Ақтөре Беріков бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа шыққан үкімді өзгертуді сұрады.
Бұған дейін ол Қожағапановқа бірінші сатыда тағайындалған жазаның аз екенін айтып, Қожағапановты үш жылдың орнына 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Прокурор сотталған Қожағапановтың апелляциялық шағымын қабылдамауды сұрап отыр. Оның сөзінше, сотталғанның кінәсі бірінші сатыда толық дәлелденген.
Айтуынша, бірінші сатыдағы сот дәлелдемелердің өзара логикалық байланысын атап өткен: куәгерлердің айғағы, жазбаша дәлелдер, сараптама нәтижелері, қаржылық құжаттар бір-бірін толықтырып, жасалған қылмысты көрсетіп тұр.
«Осы айтылғандарға сүйеніп, қорғау тарабының апелляциялық өтінішін қанағаттандырусыз қалдыруды, прокурордың өтінішін толық көлемде қанағаттандыруды және бірінші сатыдағы сот үкімін прокурордың өтінішіне сәйкес өзгертуді сұраймын», – деді Беріков.
Сот үкімі
2025 жылдың 19 мамырында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.
Қылмыстық істегі екінші сотталушы «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзова Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасына қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.