
Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қоғамның президентке сенімін анықтауға арналған сауалнама жүргізгенін хабарлады.
Сауалнама 11 шілде мен 12 тамыз аралығында жүргізілген. Оған 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8000 адам қатысқан.
«Әлеуметтік зерттеу респонденттердің Президент институтына сенімінің зор екенін көрсетті: азаматтардың 82,4% Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен қолдау білдіріп отыр. Ең жоғары деңгейде қолдау көрсетіп отырғандар – 18-29 жас аралығындағы қазақстандықтар (90,3%). Одан кейінгі орындарда 30-45 жастағылар (82,4%), 46-60 жастағылар (78,6%) және 61 жастан асқандар (77,8%) тұр», – делінген хабарламада.
Институт мәліметінше, ауыл тұрғындарының сенімі қала халқына қарағанда сәл жоғары (сәйкесінше, 84,9% және 80,9%).
Ал табыс деңгейі мен жұмыспен қамтылу ерекшеліктеріне қарай, респонденттердің сенім деңгейі бірдей.
«Президентке ең көп қолдау білдіретіндер: білім беру саласының қызметкерлері (89,6%), денсаулық сақтау мамандары (84,5%), мемлекеттік қызметшілер (87,1%), құқық қорғау органдарының қызметкерлері (96,9%), ауыл шаруашылық саласының өкілдері (86,2%), ғылым (85,7%), мәдениет пен өнер саласының мамандары (85,9%)», – дейді институт сарапшылары
Стратегиялық зерттеулер институты зерттеу қорытындысы ел арасында Президентке сенімнің тұрақты жоғары деңгейде екенін айқын көрсеткенін, бұл өз кезегінде жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясаттың азаматтар үшін тиімділігін дәлелдейтінін атап өткен.
Бұған дейін, DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы тіл мәселесіне қатысты сауалнаа жүргізіп, Қазақстанда үш тұғырлы тілді қолдайтындар көп деген қорытындығы келген.