Жаңалықтар

Желіде Темірлан Анарбековтің атынан фейк парақша билеттер ойнатып жатыр

Темірлан Анарбеков атынан фейк парақша билеттер ойнатуда / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков атынан әлеуметтік желіде жалған аккаунт ашылды.

anarbekoᴠ_temirlan.77 атты парақшада өзін футболшы ретінде таныстырып, «Реал Мадридпен болатын матчқа 2 VIP билет береміз» деген хабарлама жарияланған. Жалған аккаунт иесі жазылушыларды репост жасап, жеке хабарламаға жазылуға шақырып отыр.

Алайда бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Футболшының ресми аккаунты — anarbekoᴠ_temirlan77, жалған парақшаны түпнұсқадан ажыратудың бір белгісі 77 санының алдында тұрған қосымша нүкте.

Еске сала кетейік, алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу турнирінің плей-офф кезеңінде шотландиялық «Селтикпен» өткен қарымта ойында тарихи жеңіске жетті.

Матч тағдырын пенальти сериясы шешті. Қақпашы Темірлан Анарбеков үш бірдей соққыны қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.

Алдағы топтық кезеңде қазақстандық клуб әлемнің алдыңғы қатарлы командаларының бірі – «Реал Мадридпен» ойнайды.