Жаңалықтар

Тәліптер шетелден көмек сұрады

Ауғанстан зілзаладан қатты зардап шекті, тәліптер сыртқы көмекке зәру екенін мәлімдеді / Фото: primeminister.kz
Ауғанстан зілзаладан қатты зардап шекті, тәліптер сыртқы көмекке зәру екенін мәлімдеді / Фото: primeminister.kz

Тәліптер халықаралық қауымдастықтан жәрдем сұрады. Бұған Ауғанстандағы жойқын жер сілкінісі түрткі болып отыр.

СNN ақпаратына қарағанда, зілзала салдарынан жүздеген адам қаза болып, бүтін бір ауылдар жермен жексен болған. Соғыстан зардап шегіп, азық-түлік жетіспей жатқан Ауғанстан үшін бұл жығылғанға жұдырық болды.

БҰҰ және Талибан үкіметінің мәліметі бойынша, Пәкістанмен шекаралас аймақтарда 6,0 балл жер сілкінісі болып, кем дегенде 800 адам қаза болған. 2 800-ден аса адам жарақат алған.

Толассыз жаңбыр жауып, жар құлап, жолдарды жауып қалған. Мұның кесірінен құтқарушылар таулы аймақтағы елдімекендерге жете алмай отыр.

Тәліптердің мәліметінше, жер сілкінісінен кейін Кунар провинциясы қаңырап қалған. Ал Лагман, Нуристан және Панджшер өлкелері де көп зиян шеккен.

Зілзаладан кейін түсірілген фото-суреттерде батпақ пен қиранды басып қалған кірпіш үйлер көрінеді. Тұрғындар қираған бетондардың арасында өрмелеп жүр. Ауғандықтар сағаттар бойы үйінді астында қалған жақындарын іздеген.

«Мені жартылай топырақ басып қалды. Өздігімнен шыға алмадым. Әйелім мен екі балам өлді», – дейді Нургала тұрғыны Садықолла.

Президент Тоқаев зілзала құрбандарына байланысты Ауғанстан басшылығына көңіл айтты.