Жаңалықтар

Тоқаев қазақша үйреніп, домбыра тартып жүрген қытай балаларымен кездесті

Тоқаев  ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді / фото: Ақорда
Тоқаев қазақша үйреніп жүрген балалармен кездесіп, ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді / фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді.

Тоқаев қазақша үйреніп , домбыра тартып жүрген қытай балаларымен кездесті.

Ол жерде Тоқаевқа кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері таныстырылды. Көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен артефактілер қойылыпты.

Экспозиция археологияға, зергерлік бұйымдарға, қару-жарақ жасау өнеріне, ұлт аспаптарына және этнографияға арналған бес бөлімнен тұрады. Орталықтың кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар.

Президент Мәдениет орталығында қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен сөйлесті.  Қытай оқушылары домбырамен белгілі қазақ, қытай әуендерінен попурри орындады.

Сонымен қатар, мәртебелі меймандар Бейжің балаларына арналған киіз басудан шеберлік сабағын тамашалады.

Айта кететін жайт, Қазақстан мен Қытай құны 15 млрд доллар болатын келісімшартқа қол қойды.