
«Қазақстан электролиз зауыты» АҚ 2024 жылғы 59 млрд теңге таза пайдасынан жалғыз акционеріне 9,8 млрд теңге дивиденд төлемек. Акционердің шешімі Қазақстан қор биржасы сайтында жарияланған.
Қазақстанда алюминий шығаратын жалғыз зауыт былытыр табысын үш есе арттырып, 16,9 млмр теңгеден 59 млмр теңгеге жеткізген. Соның 9,8 млрд теңгесі дивиденд ретінде төленсе, қалған 50 млрд теңге пайда компанияның өзінде қалмақ.
Электролиз зауыты 2005 жылғы 17 наурызда тіркелген. Сол жылы «Павлодар электролиз зауытымен» бірігу арқылы өндірістік қуатын нығайтты. Бүгінде кәсіпорын Қазақстандағы алғашқы алюминий өндіруші ретінде стратегиялық маңызы бар өнеркәсіп орындарының қатарына кіреді.
Зауыт шығаратын алюминий Ресей, Қытай, Түркия және Еуропа елдеріне экспортталады.Жылына 250 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қуаты жетеді.
«Қазақстандық электролиз зауытының» тікелей акционері – «ЕКТ Holding» ЖШС, ал түпкілікті бақылаушысы – Eurasian Resources Group S.à r.l. (ERG). ERG тобы Қазақстандағы тау-кен және металлургия саласындағы ірі инвесторлардың бірі.