
Кейбір отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Бұл туралы AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
Бектенов президенттің масылдық психологиядан арылтуға қатысты тапсырмаларына бойынша тиісті шаралар атқарылғанын атап өткен.
«Мемлекет басшысы атап өткендей, біз масылдық психологияға тосқауыл қоюымыз керек. Цифрландырудың арқасында біз табысы жоғары отбасыларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын тоқтатып, бұл қаражатты қиын жағдайға тап болған адамдарға бағыттауды жоспарлап отырмыз», – деген Бектенов.
Осы орайда алдағы жылдан бастап, әлеуметтік қажеттіліктерге бөлінетін шығыстардың пайыздық арақатынасы оңтайландырылатынын ал үкімет пен әкімдер жұмысының тиімділігі, ең алдымен, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту көрсеткіштері бойынша бағаланатынын атап өткен. .
«Қаражатты теңгерімді жұмсау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай цифрлық платформасы әзірленді. Негізгі мақсат – ресурстарды шын мәнінде көмекке мұқтаж жандардың пайдасына қайта бөлу», – деді премьер-министр.
Жиында екі өңірде Шымкент қаласы мен Қарағандыда пилоттық жоба іске қосылғаны айтылды. Бұл жоба негізінде алдағы уақытта барлық өңірлердегі масыл болып отырған табысы жоғары отбасылар анықталмақ.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың ақпан айында, президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда масылдық психологияға жол берілгенін айтқан болатын.
«Қазіргі таңда төрт жарым миллионға жуық адам мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бұл – шамамен еліміздің әрбір бесінші тұрғыны деген сөз. Басым көпшілігі – еңбекке жарамды азаматтар. Халыққа әлеуметтік көмек береміз деп, біз, шыны керек, қоғамда масылдық психологияға жол бердік. Өркениетті ел боламыз десек, мұндай жағымсыз үдеріске тосқауыл қоюымыз керек. Тұратын үйі, тіпті, астында қымбат көлігі бар азаматтарға емес, көмекке зәру адамдарға көмек берілуі қажет», – деген болатын президент.
Ал 2 қыркүйек күні Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тұрмысы жақсы көпбалал отбасыларға көмек көрсетілмейтінін мәлімдеді.