Жаңалықтар

Грекия демографиялық дағдарыс салдарынан жүздеген мектепті жабуға мәжбүр

Биылғы оқу жылында 721 мектеп уақытша жабылады / Фото: kursiv.media архиві

Грекияда демографиялық дағдарыс салдарынан жүздеген мектеп жабылу алдында тұр. Елден жастардың жаппай көшуі де айтарлықтай әсерін тигізіп отыр.

Қанша мектепке қара құлып салынады

2025–2026 оқу жылында 13 478 білім беру мекемесінің ішінен 721 мектеп уақытша жабылады. Олардың қатарында 324 бастауыш мектеп пен 358 балабақша бар. Мұндай шешім мектептерде ең аз оқушы санын (15 бала) жинай алмауына байланысты қабылданды.

Грекия Білім министрлігінің дерегінше, оқушылар саны шамамен 1,21 миллионға дейін қысқарған, бұл 2018–2019 оқу жылымен салыстырғанда 150 мыңға аз. Елдің кейбір шалғай ауылдық аймақтарында және аралдарында балаларға мектепке жету үшін күн сайын 80 шақырымға дейін жол жүруге тура келеді.

Демографиялық себептер

Дағдарыстың түп-тамыры тереңде жатыр. Мәселен туу көрсеткіші бір әйелге шаққанда шамамен 1,3 баланы құрап отыр, бұл халықты алмастыру деңгейінен (2,1) едәуір төмен. Жас буынның азаюына ұзаққа созылған қаржы дағдарысының салдары, жаппай эмиграция және халықтың қартаюы себеп болып отыр.

Financial Times басылымының мәліметінше, елдегі білім беру мекемелерінің 5%-дан астамын құрайтын 766 мектептің жұмысы уақытша тоқтатылады. 2018 жылдан бері бастауыш мектеп оқушыларының саны 111 000-ға (−19%) азайған.

Билік пен сарапшылар не дейді

«Сыныптар — біздің перзентханаларымыздың айнасы. Туу көрсеткішінің төмендеуі бірнеше онжылдықтар бойы жалғасып келеді», — деп мәлімдеді Грекияның білім министрі София Захараки.

Оқушы саны тым аз ауылдар мен шалғай аралдарда ерекше жағдайлар қарастырылған. Мысалы, Псеримос аралында бар-жоғы 5 оқушы үшін мектеп қайта ашылады.

Алайда сарапшылардың пайымдауынша, бұл мәселені тек қаржылай ынталандырумен шешу мүмкін емес. Еуропада тіпті Дания мен Швеция сияқты ауқатты әлеуметтік мемлекеттер де туу көрсеткішін халықты алмастыру деңгейіне (2,1) жеткізе алмаған.

Биліктің жоспары қандай

Туу мен өлім-жітім деңгейіндегі өзгерістер тек қазіргі емес, болашақ буын үшін де үлкен қауіп төндіреді. Грекия бұған дейін Ұлттық демографиялық жоспар аясында 2035 жылға дейін бала туу көрсеткішін ынталандыру үшін 20 млрд еуро инвестиция салатынын мәлімдеген. Жоспарға сәйкес, қаржылай жәрдемақылар мен салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Алайда қазірдің өзінде ел жыл сайын шамамен 1 млрд еуро жұмсап отырғанымен, оның әсері шектеулі күйінде қалып отыр.

Айта кетейік елімізде үш ауысымды мектептер саны 4 есе азайды. Бұл соңғы 6 жылда жаңадан салынған мектептердің негізінде мүмкін болған.