Жаңалықтар

Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің басшысын қабылдады

Тоқаев Элимановты қабылдады
Тоқаев ҚМА төрағасы Жанат Элимановты қабылдады / Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Элиманов агенттік қызметінің негізгі нәтижелері туралы есеп берген. ҚМА басшысының мәліметінше, агенттік 24 млрд теңгеден астам қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, есірткі саудасы мен алаяқтықтан заңсыз түскен қаражатты жылыстатқан 20 заңсыз криптобиржа қызметін тоқтатқан.

Бұдан бөлек 200-ден астам «наркошоп» пен 20-ға жуық Darknet алаңында жұмыс істеп келген ірі криптосервистің жабылуына ықпал еткен. Нәтижесінде 9,7 млн доллардың виртуалды активтері бұғатталған.

Сонымен бірге агенттік 720 қылмыстық істі тергеуді аяқтап, 15 ұйымдасқан қылмыстық топты, 3 трансұлттық топты жойған.

«Бұдан бөлек, 17,1 млрд теңге сомасындағы мұнай өнімдерін заңсыз шығару әрекеті тоқтатылды, заңсыз темекі өнімдерін дайындаған 2 жасырын цех және суррогат алкоголь өнімдерін өндіретін 16 цех әшкереленді. Көлеңкелі айналымнан 12 миллиард теңгеге бағаланған вейптер алынды», – делінген Ақорда хабарламасында.

Сондай-ақ Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған құжатпен, стоматологиялық қызмет көрсету тәсілімен 200 млрд теңгені заңсыз шығару фактілері анықталған.