Жаңалықтар

Алатау қаласы үшін Smart City архитектурасы әзірленіп, криптовалюта енгізіледі

Алатау қаласы үшін Smart City архитектурасы әзірленеді / Фото: kursiv.media архиві

Қысқа мерзімде Алатау қаласына іскерлік белсенділік пен инновацияны дамыту үшін ерекше дамудың арнайы мәртебесі берілмек. Осыған байланысты Президент Әкімшілігіне тиісті Жарлық жобасы енгізіледі. Бұл туралы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.

Құжат аясында жеке заң қабылданғанға дейін қаланы басқару мен оның жұмыс істеу тетіктері айқындалады.

«Заңда қаржы моделі, қаланы басқарудың ерекше режимі, криптовалютаны және Smart City технологиясын қолдану мүмкіндігі, сондай-ақ халықаралық стандарттар бойынша жобалау және құрылыс салу қаралатын болады»,– деді Жұманғарин Үкімет отырысында.

Бұл шаралар Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық серпінді дамуына, экологиялық тұрақтылықты арттыруға және инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Ал Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев «Alatau City» цифрлық қаласы бойынша жасанды интеллект технологияларын қолданылатынын атап өтті. Оның аясында Smart City архитектурасы әзірленеді, сондай-ақ оның экожүйесінде криптовалютаны пайдалану үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер (НҚА) әзірленеді.

Еске салайық Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында Алматы облысында жаңадан құрылған Алатау қаласына арнайы статус беріліп, тікелей Үкіметке ғана бағынатынын айтқан болатын.