Жаңалықтар

2027 жылы Қазақстанда Amazon компаниясының спутниктік интернеті пайда болуы мүмкін

спутниковый интернет internet
Project Kuiper спутниктік интернет қызметі 2027 жылы іске қосылуы мүмкін / Фото: kursiv.media архиві

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Amazon компаниясының Project Kuiper спутниктік интернет қызметі елімізде 2027 жылы іске қосылуы мүмкін екенін айтты.

Министрдің айтуынша, Amazon компаниясының Project Kuiper жобасы — бұл тек спутниктік интернет емес, жаһандық логистика, бұлттық технологиялар мен байланыс салаларын біріктіретін ауқымды стратегияның бір бөлігі.

Project Kuiper-дің іске қосылуы Қазақстандағы шалғай және инфрақұрылымы әлсіз аймақтарға тұрақты әрі жоғары жылдамдықты интернет жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл елдегі бизнес, білім беру және мемлекеттік қызметтердің дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Kuiper жобасының корпоративтік клиенттерге арналған антеннасына жүргізілген соңғы сынақтар интернет жылдамдығы 1 Гбит/с-тен асқанын, ал кідіріс небары 48 мс болғанын көрсетті.

Қазір Қазақстанда тек OneWeb пен Starlink спутниктік интернет провайдерлері жұмыс істейді. Сонымен қатар, осы уақытқа қарай ел нарығына Қытайдың Shanghai Spacesail Technologies компаниясының Spacesail жобасы да шығуы мүмкін. Бұл интернетке кең жолақты қолжетімділік үшін спутниктер желісін құруды көздейді.

Бұған дейін Алматы облысында Shanghai SpaceSail спутниктік интернетінің сынақтық іске қосылуы өткен болатын.

Айта кетейік Project Kuiper бағдарламасы белсенді дамып келеді. 25 қыркүйекте ULA Atlas V зымыран тасығышы арқылы тағы 27 спутник ұшыру жоспарланған. Осылайша Kuiper тобының орбитадағы спутниктер саны 129-ға жетпек.

Еске сала кетейік бұған дейін Жаслан Мәдиев Цифрлық даму министрлігінің кейбір функциялары Ғылым және жоғары білім министрлігіне берілетінін айтты.