
Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының спорттық базасына УЕФА президенті Александр Чеферин арнайы сапармен ат басын бұрды.
Чеферинді клуб академиясының жасөспірімдер командалары – «Қайрат» U-15 пен «Қайрат» WU-17 ойыншылары, сондай-ақ көру қабілеті шектеулі жандарға арналған Kairat Blind Football командасы қарсы алды. Жас футболшылар Чеферинді ағылшын тілінде сәлемдеп, естелік сыйлық табыс етті.
Сапар барысында УЕФА президентіне клубтың инфрақұрылымы таныстырылды. УЕФА президенті тұрғын блокпен, асханамен, медициналық орталықпен, жаттығу залымен және заманауи алаңдармен танысып шықты. Чеферин жастар құрамына жасалған жағдайдың Еуропаның алдыңғы қатарлы клубтарына тән деңгейде екенін атап өтті.
Сонымен қатар, негізгі команда мен «Қайрат-Жастар» бапкерлер штабымен әңгімелесті. Сапар соңында Александр Чеферин «Қайратты» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шыққанымен және ел біріншілігіндегі жеңісімен құттықтап, клубқа ұлттық және халықаралық деңгейде табыс тіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Шавкат Рахмонов Чеферинмен кездесіп, өзінің қолғабын сыйға тартқан еді.