
Қазақстанда ЖІӨ биыл жақсы көрсеткіштерге көтерілді. Мұндайда ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі де көтерілуі керек. Алайда биыл ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі төмендеп, 28,8%-ды құраған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 31% болған. Бұл туралы Мәжілісте депутат Ерлан Саиров айтты.
Мәжілісте «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялау» мәселесі талқыланды. Конвенция ең төмен жалақыны белгілеу бөлігінде халықаралық стандарттарды енгізуді көздейді және Қазақстанның да осы саладағы халықаралық нормаларды сақтау мен орындауға бейілдігін растайды.
Депутат Ерлан Саиров конвенция талаптарында жалдамалы жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайының үнемі өсіп отыруы ерекше ескерілгенін айтты. Бірақ елдегі жағдай өзгеше.
«Конвенция жалдамалы қызметкерлердің әл-ауқатын үнемі жақсарып отыруын талап етеді. Қазақстанда бүгінде ЖІӨ құрылымындағы жалақы үлесі 28,8%-ды құрайды. Биылғы жылы ЖІӨ өсімі 6,3% құрады. Бұл өте маңызды өсім. Алайда соған қарамастан, жалпы ішкі өнім құрылымындағы жалақы үлесі биыл төмендеп отыр. Өткен жылы бұл көрсеткіш 31%-ды құраған еді. Осы орайда Үкімет бұл көрсеткішті көтеру үшін қандай қадамдар жасап жатыр?» – деп сұрады депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова бұл мәселені шешу үшін арнайы шаралар қабылданатынын, көрсеткіштерге кейбір кәсіпорындарда еңбекақы төлеу жүйесінің реттелмегені әсер еткенін мәлімдеді. Айтуынша, кейбір жұмым орындарында жұмыс берушілердің жұмыскерлерге конвертпен жалақы беру тәжірибесі қолданылады.
«Кейбір кәсіпорындарда жоғары білікті мамандарға жалақыны конвертпен беру тәжірибесі жиі кездеседі. Яғни жұмыс беруші салықтан қашу үшін 85 мың теңге көлемінде ең төменгі жалақыны ресми түрде беріп, қалған ақшаны конвертте береді. Мұндайға жол бермеу үшін еңбек қатынастарын деларациялау қажет деп ойлаймыз. Біз келіссөздер жүргізіп жатырмыз, осы мәселе бойынша арнайы заң жобасы қабылданатын болады», – деді министр.