
Қазақстан мен Пәкістан өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Пәкістан Ислам Республикасының Федералды сауда министрі Джам Камал Хан арасында өткен кездесу барысында айтылған.
Министрлік мәліметінше, 2025 жылдың 7 айында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы өзара сауда көлемі 89,6 млн АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе артық. 2024 жылы осы аралықтағы тауар айнадымының көлемі 36,3 млн АҚШ доллар болған.
Бұл орайда Қазақстаннан экспортталған тауар көлемі 7,2 есе өсіп, 55,5 млн долларға жеткен. Ал импорт 19,3%-ға өсіп, 34,1 млн доллар болған.
Қазақстан Пәкістанға қандай тауарлар экспорттайды?
Қазақстан Пәкістанға мынадай тауарлар жеткізген:
- шикі мұнай;
- кептірілген бұршақ дақылдары;
- дәнді дақылдар;
- машиналар мен жабдықтар.
Ал Пәкістаннан Қазақстанға негізінен азық-түлік өнімдері мен киім-кешек импортталған. Атап айтқанда, картоп, цитрус жемістері, киім және тоқыма бұйымдары, дәрі-дәрмек жеткізілген. Енді тараптар импортталатын және экспортталатын тауар көлемін арттыру жөніндегі келісімге келген.
«Министр Арман Шаққалиев Қазақстан мен Пәкістан өзара сауда көлемін 1 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жөнінде биік мақсат қойып отырғанын атап өтіп, мұнай-химия, металлургия, машина жасау және фармацевтика салаларын қоса алғанда, 40 тауар позициясы бойынша жеткізілімдерін арттыруға дайын екенін білдірді», – делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге тараптар транзиттік сауданы дамытуға қатысты келіссөздер жүргізген.