
10 қыркүйекте Нью-Йорк қор биржасында Oracle компаниясының акциялары бірден 40%-ға қымбаттап, компания иесі Ларри Эллисонды әлемдеңгі ең бай адам атандырды. Алайда бір күн өтпай жатып, бұл мәтебесінен айырылып қалды.
Десе де, Ларри Эллисон әлем тарихында 400 млрд доллар межесін еңсерген екінші миллиардер атанды. Бұл көрсеткішке тек Илон Маск жеткен еді.
Рекорд орнатты
Bloomberg Billionaires Index мәліметіне қарағанда, кеше, 10 қыркүйекте Эллисон бір күнде 101 млрд доллар қосып, әлемнің ең бай адамы атанған. Бұл – бүкіл индекс тарихындағы ең үлкен біркүндік өсім.
Кешке қарай ол Илон Маскті басып озды. Оның байлығы 393 млрд доллар болса, Масктікі 385 млрд долларға түсті.
Алайда 11 қыркүйек күні жағдай өзгерді. Bloomberg бағалауынша, Маск қайтадан бірінші орынға шықты. Басылым Илонның байлығын қазір 384 млрд долларға бағаласа, ал Эллисондікі 383 млрд доллар болып тұр.
Ал Forbes басылымы Маск активтерін 436,1 млрд долларға тең десе, Ларри Эллисонның байлығы 387 млрд доллардан асқан.
Oracle-дың серпіні
Компания акциясының қымбаттауына корпорацияның жасанды интеллект саласындағы табысы себеп болды. Oracle бұл бағытта ұзақмерзімді жоспар ұсынды.
Компания 2026 қаржы жылында бұлтты инфрақұрылым кірісін 77%-ға өсіріп, 18 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. 2030 жылға қарай көлем $144 млрд-қа дейін ұлғаяды деген болжам бар.
Сонымен бірге Oracle RPO көрсеткішін жариялады. Бұл – жасалған келісімдерден түсетін, бірақ әлі кіріс ретінде тіркелмеген түсімдер көлемі. Ол бірден 359%-ға өсіп, 455 млрд долларға жетті. Алдағы айларда бұл көрсеткіш 500 млрд долларға асуы ықтимал.
Бұл нәтиже Уолл-стрит сарапшыларын таңғалдырды. Олар Oracle жетістігін «тарихи» деп атады. Deutsche Bank тіпті акция бағасына жаңа межелі құн қойып, 335 долларға дейін көтерді.
Компанияның құны қаншаға өсті
10 қыркүйек күнгі саудада Oracle капитализациясы 968,8 млрд долларға жетті. Бұл – компанияны S&P 500 индексіндегі ең ірі ондық қатарына шығарды.
Reuters есебі бойынша, бір күнде корпорацияның нарықтық құны 280 млрд долларға өсті. Мұндай өсім Oracle үшін 1992 жылдан бері алғаш рет тіркелген.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да бұл оқиғаға назар аударды. Олар Oracle-дың жасанды интеллект нарығындағы рөлін ерекше атады.
Қауымдастықтың түсіндіруінше, капитализациясы жарты триллион доллардан асқан корпорация акциялырының бір күнде 25%-дан артық өсуі – бұрын-соңды болмаған жағдай.
Бұл құбылыс өзге технологиялық компания акцияларының бағамына серпін берді.