
2026 жылы Қазақстан парламентіне жұмсалатын шығын шамамен 7,8 млрд теңге болады. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы айтты.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай сома үш жылдық бюджет жобасында көрсетілген.
«2026 жылы Парламент қызметін қамтамасыз етуге шамамен 7,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл нақты депутаттардың жұмысына арналған қаражат. Сонымен қатар Сенат пен Мәжілісте саяси мемлекеттік қызметшілер бар. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер де жұмыс істейді», – деді Бейсенбекұлы.
Ол барлық қызметкер үшін бірыңғай еңбекақы қоры қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол қазір Мәжілісте 98, ал Сенатта 50 депутат бар екенін еске салды.
БАҚ өкілдері спикерден Парламент бір палаталы жүйеге көшсе, шығындар қысқаруы мүмкін бе деп сұрады.
«Бұл сұраққа қазір нақты жауап бере алмаймын. Ол жерде 120, 140 депутат болуы мүмкін, бәрі соған байланысты. Қазіргі таңда 148 депутат бар. Олардың көмекшілері де бар ғой?! Көлік және басқа да ілеспе шығындар бар. Барлығы депутаттар санына байланысты. Сол санға қарай, нақты үнем сомасын айтуға болады», – деп жауап берді Бейсенбекұлы.
Айта кетейік 2015 жылы бір депутатқа жылына 70 млн теңге жұмсалса, 2024 жылға қарай бұл сома 195 млн теңгеге жеткен. Салыстырмалы бағамен өсім 30% болып отыр.