
9 қыркүйекте Forbes Woman Kazakhstan елдегі ең ықпалды деген 25 әйелдің тізімін жариялады. Редакция Қазақстандағы танымал, көшбасшы 120 әйелді зерттеп шыққан. Саясаттанушы, журналистер, кәсіпкерлер мен сарапшылардан тұратын арнайы кеңес 120-ның ішінде 25 адамға дауыс береді. Сол әйелдер тәрізді Forbes тізіміне шығу үшін қандай саламен айналысу керек? Сараптап көрдік.
Кем дегенде вице-министр, министр болыңыз
«Ең ықпалды 25 әйел» тізіміне кіргендердің 20%-ы мемлекеттік басқару саласынан. Бұл тізімде Мадина Әбілқасымова, Аида Балаева, Светлана Жақыпова, Тамара Дүйсенова және Салтанат Томпиева бар.
Мадина Әбілқасымова бес жыл қатарынан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы қызметін атқарып келеді. Бұған дейін Ұлттық банкте төраға орынбасары, ұлттық экономика вице-министрі, еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болды. Қаржы, бизнес, менеджмент саласында айтарлықтай танымал тұлға.
Осы тізімдегі Аида Балаева, Светлана Жақыпова және Тамара Дүйсенова да – министрліктің тізгінін ұстаған ханымдар. Қазір Балаева – мәдениет және ақпарат министрі, Жақыпова – еңбек және әлеуметтік қорғау министрі. Бұған дейін екеуі де Президент Әкімшілігі жанындағы ұйымдарда жұмыс істеді.
Светлана Томпиева – осы тізімдегі жаңа ойыншы, ол Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы. Авиация саласында 30 жыл тәжірибесі бар.
Егер таза мемлекеттік қызметте тәжірибеңіз болмаса, квазимемлекеттік сектордан бастауға болады. Forbes Woman тізіміндегі – Раушан Қажыбаева, Ләззат Ибрагимова, Алина Алдамберген де осы салада тәжірибесі бар.
Раушан Қажыбаева – 2019 жылдан бері Президент Телерадиокешенін басқарады, Ұлттық комиссия мүшесі, кәсіпкер, жақында ғана ҰҚК ұстады деген ақпарат тараған Гаджи Гаджиевтің жұбайы.
Ләззат Ибрагимова – «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы, Алина Алдамберген тоғыз жыл Қазақстан қор биржасын басқарды. Қазір «Даму» кәсіпкерлер қорының директорлар кеңесінің мүшесі.
Бизнеспен айналысыңыз
Forbes Woman мұқабасына шығудың тағы бір жолы – бизнес. Ықпалды әйелдер тізіміндегі бес адамның жеке кәсібі бар, өзіндік бизнес брендін құрғандар. Олардың қатарында Әсел Тасмағамбетова, Гауһар Қаппарова, Гүлнұр Досаева, Жанна Кан және Шынара Бүгімбаева бар.
Әсел Тасмағамбетова – кәсіпкер, «Сәби» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, танымал миллиардер Кеңес Рақышевтың жұбайы. Алматыда жекеменшік мектебі, Asiya атты косметика бренді бар.
Гауһар Қаппарова да – мұнай сервисімен айналысатын Lancaster Group акционері, кәсіпкердің жұбайы. Гүлнұр Досаева – ретейл саласында жобалары бар, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы.
Жанна Кан – Zhanna Kan Group атты зергерлік компания иесі, ал Шынара Бүгімбаева – әйгілі Qaganat желісінің иесі. Қазақстан бойынша Qaganat-тың 27 нүктесі бар.
Банк саласында тәжірибеңіз болсын
Forbes тізіміне шыққандардың тағы бір тобы – банк, қаржы саласында жұмыс істейді. Олардың қатарында Үміт Шаяхметова, Елена Бахмутова, Әлия Молдабекова және Әсел Мұқажанованы да атауға болады.
Үміт Шаяхметова – Halyk Bank басқарма төрағасы, Әлия Молдабекова Ұлттық Банк төрағасының орынбасары. Елена Бахмутова – Қаржыгерлер қауымдастығының төрағасы, ал Әсел Мұқажанова – AIX биржасының төрағасы.
Төрт ханым да ұзақ жылдар қаржы ұйымдарында тәжірибе жинақтаған. Олар көпшілік алдына жиі шықпаса да, қаржы бизнес саласында маңызды шешім қабылдауға қатысады.
Өз салаңызды танытыңыз
Ең ықпалы әйелдердің арасында құқық қорғау, ғылым, мәдениет саласында жұмыс істейтін танымал мамандар бар. Олар ұзақ уақыттан бері өз саласын дамытып, кәсібінің шебері болғандар.
Мәселен, Зәуреш Батталова – бұрынғы сенат депутаты, елдең заң жобаларының шығуына қатысты. Динара Закиева – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, 2024 жылы тұрмыстық зорлық зомбылық жайлы заң жобасының қабылдануына атсалысты.
Жәния Әубәкірова – пианист, авторлық Aubakirova School мектебінің негізін қалаушы. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясының ректоры болды.
Күнсұлу Закарья – ғалым, президенттің ғалым және инновация жөніндегі кеңесшісі. Пандемия кезінде Күнсұлу басшылығымен QazVak вакцинасы әзірленді.
Гүлнұр Бажкенова – OrdaMedia негізін қалаушы, журналист. 2020 жылы Орда сайтының негізін қалады
Forbes Woman Kazakhstan журналы ең ықпалды әйелдер рейтингін алғаш рет 2024 жылдың қыркүйегінде ұсынған.
Бұған дейін Forbes Kazakhstan Қазақстандағы миллиардерлердің дәулетін қайта есептеп шыққан еді. Елдегі ең бай бизнесмендер туралы мына жерден оқуға болады.