
Жапония билігі Ресейдің 48 ұйымына және 14 жеке тұлғасына қарсы жаңа санкциялар енгізді. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрлігі хабарлады. Бұдан бөлек Беларусьтің үш ұйымына да осындай шектеулер қабылданды.
Атап айтқанда, санкция тізіміне халықаралық балалар лагері «Артек», «Біріншілер қозғалысы», Ахмат Қадыров қоры және оның президенті Аймани Қадырова, ОЭЗ «Алабуга», «Урал» автозаводы, Тула қару-жарақ зауыты, «Базальт», «Искра» үкіметтік емес орталықтар және басқа ұйымдар енді. Санкциялар төлемдер мен капиталға байланысты операцияларға шектеу қояды. Енді ондай мәмілелер тек Жапония СІМ-нің арнайы рұқсатымен ғана жүзеге асады.
Сонымен қатар Жапония СІМ-і Ресейдің екі және Беларусьтің тоғыз ұйымына өнім экспорттауға тыйым салды.
Бұған дейін ЕО-та Ресейге қарсы санкциялардың 19-пакетін дайындап жатқанын жазған едік. Шектеулер ресейлік ұйымдардан бөлек Орталық Азия мен қытайлық банктерге де қатысты болуы мүмкін.