Жаңалықтар

Маңғыстаудағы жол апатынан аман қалған екі әйел Астанаға жеткізіледі

Жол апатынан үш адам аман қалды/фото: денсаулық сақтау министрлігі

Маңғыстауда жантүршігерлік жол апатынан 10 адам қайтыс болды. 8 адам оқиға орнында көз жұмды, тағы екі адам ауруханаға бара жатқанда қайтыс болды. Жүргізуші мен екі жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

Содан кейін екі әйел санитариялық авиация бортымен Жаңаөзеннен Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, екі әйелдің жағдайы тұрақтанған соң олар Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина орталығының клиникасына жеткізіледі.

«Ауыр жағдайдағы екі пациентті одан әрі емдеу бойынша бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің Республикалық орталықтары мамандарының қатысуымен телемедициналық консультациялар өткізілді. Алдағы күндері оларды Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының клиникасына жатқызу ұсынылды», – делінген ақпаратта.

Олардың біріне полижарақат диагнозы қойылған, екі өкпесі де көгерген, бұл десатурация кезеңдерін тудырады және тасымалдауды қиындатуы мүмкін. Басқа пациенттің жағдайы салыстырмалы түрде тұрақты, алаңдаушылық жоқ.

Апаттан зардап шеккен үшінші адам Жаңаөзен қаласының ауруханасында қалды, оның жағдайы тұрақты.