
Ливерпульдегі әлем чемпионатының соңғы жекпе-жегінде Қазақстан бокс құрамасының капитаны Айбек Оралбай қоржынға жетінші алтынды салып, Қазақстанды жүлде қоры бойынша бірінші орынға шығарды.
Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақта өзбекстандық Жахонгир Зокировпен қолғап түйістірді.
Бірінші және екінші раундта өзбек боксшысы басым түсті. Дегенмен Айбек Оралбай соңғы үшінші кезеңде қайсарлық танытып, жеңісті суырып алды.
Осылайша, 7 алтын, 1 күміс, 2 қола иеленген Қазақстан құрамасы жүлде қоры бойынша 1-орын алды. Сабырхан Төрехан, Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан, Алуа Балқыбекова, Әлия Әбікеева және Наталья Богданова чемпион атанса, Назым Қызайбай әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Елдана Тәліпова мен Виктория Графеева қола жүлде жеңіп алды.