
2025 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы өсті, алайда бұл өсім теңгерімді емес. Сауда құрылымында импорт айқын басымдыққа шықса, экспорт үлесі төмендеп барады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы сараптама орталығынң дерегінше, қаңтар–маусым аралығында екіжақты тауар айналымы 5,9%-ға артып, $14,9 млрд-қа жетті.
Дегенмен өсімді қамтамасыз еткен тек импорт болды (+22,8%). Ал экспорт керісінше, шамамен 10%-ға төмендеді. Мұндай құлдырау әлемдік шикізат нарығындағы қолайсыз конъюнктураға, яғни мұнай мен металл бағасының түсуіне және Қытай тарапынан сұраныстың әлсіреуіне байланысты.
Қазақстан үшін Қытайдың рөлі жылдан-жылға күшейіп келеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында ҚХР үлесі елдің жалпы сыртқы саудасында 22,6%-ды құрады (бір жыл бұрын – 20,7%). Бірақ құрылымына үңілсек, өсімнің барлығы импорт есебінен. Қазақстанға кіретін қытайлық тауарлар үлесі 28,6%-ға дейін көтерілді, ал экспорттағы үлес 17,8%-ға дейін қысқарды.
Экспорт құрылымында өнімдік алмасулар айқын байқалады. Азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерінің үлесі артты (+$164 млн), сондай-ақ көлік құралдары экспорты өсті (+$160 млн). Бірақ негізгі шикізат: минералдық өнімдер (-$599 млн) мен металдар (-$408 млн) азайды. Әсіресе металлургия саласы үшін Қытай сұранысының маңызы зор. Қытайдың металл импорты 4%-ға қысқарғаны қазақстандық зауыттардың өндірістік жүктемесіне және экспорттық түсімге тікелей әсер етті.
Импортқа келсек, оның өсу қарқыны өте жоғары. Алты айда Қытайдан жеткізілген тауар көлемі $8,3 млрд-қа жетіп, бір жыл бұрынғы $6,8 млрд-пен салыстырғанда айтарлықтай артты. Негізгі өсім көлік құралдарына (+$1,2 млрд), металдарға (+$279 млн) және химия өнімдеріне (+$231 млн) тиесілі.
Қазақстанда тұтынушылық сұраныс пен инфрақұрылымдық жобалардың жандануы қытайлық тауарларға сұранысты күшейтті. Сонымен қатар, қытайлық автокөліктердің орташа бағасы 14%-ға арзандап, импорт көлемін одан әрі ұлғайтты.
Қытайдан келетін импорт тек өндірістік емес, тұрмыстық салада да басымдыққа ие. Елге азық-түлік, жиһаз, құрылыс материалдары мен жаппай тұтыну тауарлары көптеп жеткізілді. Ал аяқ киім мен тоқыма өнімдерінің импорты керісінше төмендеді.
Сауда қарым-қатынасының қаржылық қыры да өзгеріп отыр. Есеп айырысуда юань үлесі өсуде. Әсіресе өңдеуші өнеркәсіп, тау-кен өндірісі және сауда саласында юаньмен операциялар белсенді.
Бұл бизнес үшін транзакциялық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. KASE биржасында CNYKZT жұбы бойынша сауда көлемі 93%-ға өсті. Доллар негізгі есеп айырысу құралы ретіндегі орнын сақтап отыр, ал еуро үшінші позицияда.
Қазақстандағы инфляциялық жағдай сыртқы сауда теңгеріміне тікелей ықпал етеді. Жылдық инфляция 8,9%-дан 11,8%-ға дейін жеделдеді. Бұған теңгенің әлсіреуі, тарифтердің индексациясы және фискалдық саясаттағы белсенділік әсер етті. Ал Қытайдағы инфляция бар болғаны 0,1% болды. Бұл қазақстандық нарыққа импортталатын тауарларды арзандатып, белгілі бір дезинфляциялық әсер берді. Алайда ішкі факторлардың қысымымен ол толыққанды тежеуші күшке айнала алмаған.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда тапшылығы $1,8 млрд-қа жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың жылдық деңгейінен ($0,4 млрд) бірнеше есе жоғары. Мұндай динамика Қазақстанның Қытайға тәуелділігінің артып келе жатқанын және сыртқы экономикалық байланыстардың құрылымдық тұрғыда өзгергенін айғақтайды.