Жаңалықтар

«Қайрат» – «Реал Мадрид»: билеттерінің бағасы белгілі болды

Қайрат Реал Мадрид
«Қайрат» – «Реал Мадрид»: билеттерінің бағасы белгілі болды / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Адэлина Мамедова

30 қыркүйек күні Алматының Орталық Стадионында «Қайрат» – «Реал Мадрид» ойыны өтеді. Ойынға ресми билет сату тәртібі жарияланды.

Билеттердің бағасы UEFA-мен келісілген және барлық өз алаңындағы матчтарға бірдей белгіленген. Құны 30 000 теңгеден басталып, 250 000 теңгеге дейін жетеді. Мұндай баға саясаты турнир мәртебесін және ойындарға деген жоғары сұранысты айқын көрсетеді.

Билеттердің ресми сатылымы 2025 жылдың 23 қыркүйегінде сағат 17:00-де басталады. Оларды fckairat.com ресми сайтынан, Qairat SuperApp қосымшасынан және ticketon.kz платформасынан сатып алуға болады. Әр жанкүйерге екі билеттен артық берілмейді. Сатып алу кезінде ЖСН немесе төлқұжат деректерін енгізу қажет, ал стадионға кіргенде көрсетілген деректер мұқият тексеріледі.

Клуб жанкүйерлерді әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған хабарламаларға сенбеуге шақырады. Алдын ала сатылым немесе брондау туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды. Сондықтан билеттерді тек ресми арналар арқылы алу ұсынылады.

Сонымен бірге билеттердің бір бөлігі әлеуметтік және клубтық квоталар бойынша бөлінеді. «Қайрат» академиясы мен филиалдарының жас футболшылары мен жаттықтырушыларына, паралимпиадалық спортшыларға және клуб қызметкерлеріне арнайы орындар қарастырылған. Ал абонемент иелері өз орындарын алдын ала тиімді бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Әрқайсысына сатылым басталғанға дейін жеке хабарлама жіберіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбековтің ауыр жарақат алғанын жазған едік. Енді алдағы ойындарда «Қайрат» қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмұрза қорғауы мүмкін.