Жаңалықтар

18 жастағы Шерхан Қалмұрза Чемпиондар лигасында «Қайрат» қақпасын қорғайды

Шерхан Қалмұрза «Реалға» қарсы «Қайрат» қақпасын қорғайды / фото: instagram: kallmurza

Қазақстан чемпионатының 23-турындағы ойында «Қайрат» өз алаңында «Ақтөбені» 1:0 есебімен жеңді. Алайда кездесу барысында алматылықтардың негізгі қақпашы Темірлан Анарбеков жарақат алып, ойыннан шығып қалды.

Оның орнына 18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмұрза алаңға шықты. Бұл жас қақпашының «Қайраттың» негізгі құрамындағы алғашқы ресми ойыны болды. Бұған дейін ол бірінші лигада «Қайрат-Жастар» сапында жеті ойын өткізген.

Матчтан кейін Шерхан жанкүйерлер мен бапкерлерге ризашылығын білдірді:

«Маған сенім артқан жанкүйерлерге де, бапкерлерге де алғыс айтқым келеді. Ең бастысы – Темірлан Анарбековтің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Оның жарақаты өте ауыр болды. – деді Шерхан.

Айта кетейік, Шерхан Қалмұрзаның бұған дейінгі «Селтикке» қарсы ойында Анарбеков жарақат ала жаздаған сәтте алаңдағы эмоциясы жанкүйерлер арасында қызу талқыланып, мемге айналған еді.

Жас қақпашы «Ақтөбеге» қарсы дебютінде өз қақпасын құрғақ сақтап, командасының жеңісіне үлес қосты. Ал Анарбековке ота жасалатыны белгілі болды, оның қатарға оралуына кемінде 40 күн қажет. Сондықтан алдағы ойындарда «Қайрат» қақпасында Шерхан Қалмұрзаны көруіміз әбден мүмкін.