
Каспий құбыр консорциумы (КҚК) тамыз айында мұнай экспортын шілдемен салыстырғанда 4%-ға азайтты. Тамызда 6,3 млн тонна тасымалдаса, шілдеде көрсеткіш 6,551 млн тонна болған деп хабарлайды Reuters дереккөздері.
Басылымның жазуынша, тамызда қазақстандық мұнай тасымалы 6,058 млн тоннадан 5,703 млн тоннаға дейін төмендеген. Ал ресейлік шикізат көлемі 0,493 млн тоннадан 0,601 млн тоннаға өскен.
2025 жылдың қаңтар–тамыз аралығында КҚК арқылы экспорт 48,879 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 43,797 млн тоннадан 12%-ға артық.
Консорциум бұған қатысты пікір білдірмеді.
КҚК арқылы Қазақстан мұнайының 80%-дан астамы экспортталады. Құбыр Батыс Қазақстандағы Теңіз кен орнын және басқа да кеніштерді Ресейдің Новороссийск маңындағы Оңтүстік Озерейка теңіз терминалымен байланыстырады.
Бұған дейін компания теңізге мұнай төккені үшін миллиард теңге айыппұл төлеген еді. Мұнайды танкерлерге тиеп жатқанда бір бөлігі і айлақтағы шлангілер арқылы теңіз бетіне төгіліп кеткен.