Жаңалықтар

Туризм министрлігі Жанабыловтың жұбайына қылмыстық іс қозғауды сұрады

Фото: instagram.com/elt6i

Астанада блогер Ерболат Жанабыловтың жұбайы, блогер Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік іс бойынша сот процесі өтіп жатыр.

Ол Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жұбайынсыз келді.

ҚР Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі істері комитеті Эльмира Төлегеноваға қатысты әкімшілік істі тоқтатып, екі қылмыстық іс қозғау туралы сотқа өтініш білдірді.

Комитет өкілі Әбдел Балтатегі блогерге ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы «Алаяқтық» және 214-бабы «Заңсыз кәсіпкерлік» бойынша екі қылмыстық іс қозғау қажет екенін мәлімдеді.

«ҚР ӘҚБтК-нің 742-бабына сәйкес, Эльмира Төлегеноваға қатысты ӘҚБтК-нің 445-бабы бойынша әкімшілік істі тоқтатып, істің материалдарын ҚР ҚК-нің 214-бабы «Заңсыз кәсіпкерлік» және 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық жазаға тартуға негіз бар деп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына беруді сұраймыз», — деді Әбдел Балтатегі.

Оның айтуынша, Төлегенова лотерея операторы болып табылмайды, алайда жеке әлеуметтік желідегі парақшаларында ұтыс ойынына қатысуға шақырған.

Блогерлер ұйымдастырған көлік ұтысына қатысу үшін олардың оқыту курсын сатып алу қажет болған.

«Төлегенова өз түсініктемесінде, заң бойынша сату көлемін арттыру мақсатындағы ұтыс ойындарын өткізуге тыйым салынғанын алға тартады. Алайда істің материалдарын, видеожазбаларды, аккаунтты зерттегеннен кейін, біз бұл әрекеттің лотерея фактісін жасыру үшін қолданылған бүркеме деген қорытындыға келдік», – деді Балтатегі.

Еске салсақ, Эльмира Төлегенованың жұбайы Ерболат Жанабыловке қатысты әкімшілік іс елорда сотында қаралып жатыр. Бүгінге дейін оның курсын 6 мыңға жуық адам сатып алған. Курстың құны – 30 мың теңге. Блогер курсты сатып, сатып алғандар арасында 10 автокөлікті ұтысқа қойған.

Оған дейін Жанабыловтың курсын сатып алған министрлік өкілдері қызмет сапасына күмән келтірген болатын.