Жаңалықтар

Айбек Оралбайдың әкесі: Ұлым чемпион боламын деп уәде беріп кеткен

Айбек Оралбайдың әкесі: Ұлым чемпион боламын деп уәде беріп кеткен / Фото: Қазақстан Олимпиада комитеті

Ливерпульде өткен бокстан әлем біріншілігінде Қазақстан спортшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола алып, ең үздік нәтиже көрсетті. Әсіресе жетінші шешуші жеңісті құрама капитаны, аса ауыр салмақтағы Айбек Оралбай қанжығаға салды және елімізді тең тұрған Өзбекстан құрамасынан бір саты жоғарылатты. Чемпионның әкесі Рахат Оралбай «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат беріп, маңызды жекпе-жек туралы айтып берді.

«Әр ата-ананың арманы – баласының биік белестен көрінгені ғой. Бұл финал өте қиын болды. Айбек үшін, басқа балалар үшін де тақым қысып отырдық. Ұлымыздың өзі «Әке, мен чемпион болуға бара жатырмын, артымда қазақ елі тұр, капитан екенімді дәлелдеймін» деп уәде беріп кеткен», – деді Рахат Оралбай.

Былтыр қыркүйек айында Айбек Оралбай аса ауыр салмаққа ауысып, бокстан Қазақстан құрамасының капитаны атанған еді.

«Былтырғы Париж ойындарынан кейін Қамшыбек ағасы (Қоңқабаев – ред.) Айбекке орын берді. Айбек те осы шешіммен келісіп, аса ауыр салмақта үлкен жарыстарға қосылды. Түнде жарыстан кейін өздері хабарласты, көзімізге жас алып, қазақ елін биікке көтергенін мақтан еттік. Мұны сөзбен айтып жеткізу қиын. Барлық боксшылар тыңғылықты дайындалған, бұл жарыстарға ешкім дайындықсыз бармайды. Бапкерлеріне, федерация басшыларына рахмет айтамыз», – деді Р. Оралбай.

Еске сала кетсек, былтыр Париж Олимпиада ойындарында Айбек Оралбай ширек финалға дейін жеткен еді. Оның сыңары Нұрбек Оралбай 80 келі салмақта Олимпиаданың күміс жүлдегері болды.

Айта кетейік, Әлем біріншілігіне 68 елден 540 боксшы қатысты. Қазақ спортшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алып, жалпы есепте үздік атанды және тарихи жеңістер сыйлады.

Қазақ боксшылары әлем чемпионатында топ жарды | Ауа ылғалдандыратын робот | Бүгін.Live | 15.09.2025