
Израиль армиясы бірнеше аптаға созылған әуе соққыларынан кейін, сейсенбі, 16 қыркүйекке қараған түні Газа қаласына құрлықтық шабуыл бастағаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде израиль, араб басылымдары және америкалық Axios басылымы хабарлады.
Axios өз мақаласында шабуылдың басталғанын анонимді израильдік ресми тұлғаларға сілтеме жасап жазды. Ал Jerusalem Post газеті «шабуылдың басталғанын растай аламыз» деп мәлімдегенімен, нақты қай дереккөзден алғанын ашып көрсетпеді.
Палестиналық ақпарат көздеріне сүйенген Jerusalem Post, Аль-Джазира телеарнасының сайты және өзге де ағылшын тілді басылымдар израильдік танктердің Газа қаласының орталығына кіргенін жеткізді.
Сонымен қатар Аль-Джазира мен Times Of Israel соңғы сағаттарда Израиль әскерінің Газадағы әуе соққыларын күшейткенін хабарлады.